Денсаулық

Папилломаға қарсы екпе жүргізілуде

Елімізде қазір 11 жастағы қыздарға жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Республика бойынша 175 мың жасөспірім қыз балаларына осы екпені салу жоспарланған.

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ, 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.

Дәрігер мамандардың айтуынша, жатыр мойны обыры еліміздегі обыр ауруы бойынша екінші орында тұр. Бұл – вакцинасы бар жалғыз қатерлі ісік ауруы. Адам папилломасына қарсы вакцина тек 11 жастағы қыздарға ғана тегін салынады. Ал, әйелдер ақылы түрде ала алады.

Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да салынуы мүмкін.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА