Денсаулық

Ортақ мақсат – халықтың саулығы

Күллі тіршілік үшін басты байлық денсаулық екені бағзыдан бері айтылып келеді. Елімізде денсаулық сақтау саласына билік тарапынан көрсетілетін қолдау да, бөлінетін қаржы да жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес. Әсіресе, ауылдарға медициналық қызметтің сапалы әрі уақтылы жете бермейтіні түрлі жағдайлармен көрініс беріп те жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру мақсатында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы енгізілді.

Жылда халыққа арнайтын Президенттің Жолдауларынан да түспейтін бұл мәселе ауылдық аймақтарда қалай жүргізіліп жатқанына назар аударып, Луговой ауылдық емханасына барған едік.

Т.Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылы – он мыңға жуық халыққа қоныс болған ең үлкен елдімекендердің бірі. Мұндағы ауылдық емханаға 9512 халық тіркелген. Оның ішінде 6420-сы ересек болса, 1800-і 14 жасқа дейінгі балалар. Осы тұрғындардың денсаулығын қарап, сырқаттанса тиісті ем-домын жасау мақсатында ауылдық емханада 49 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Ал, аға мейірбике Қалдыкүл Нұрсейітова емхананың өз зертханасы да барын көрсетіп, ішкі жұмыстарымен таныстырды.

Бұл емханада күндізгі стационарда емдеу қызметі де жүргізіледі. Онда 5 төсек орын бар, осында айына 40 науқас жатып, ем алады. Бөлім меңгерушісі Айгерім Базарбайқызының айтуынша, «Д» сынақтағы артериялық қан қысымымен, қант диабетімен, өкпе ауруымен, асқазан-ішек жолдарының ауруларына шалдыққан 248 науқас есепте тұрады. Олардың бәрі жылына 3 рет дәрігерлердің қабылдауына келіп, қаралып тұрады.

Мұндағы медициналық қызметкерлер жақында жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ұлт саулығын нығайтуға қажетті тапсырмалармен етене таныс. Халыққа көрсетілетін қызметті одан ары дамыту мақсатындағы жаңашылдықтарға әзірміз деп отыр. Ұжымның ел ертеңі, халық саулығы үшін атқарып отырған еңбектеріне сәттілік тіледік.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы