Отандық тыңайтқышқа қолжетімділік артады
Өңіріміздегі «ЕвроХим» компаниясының жаңа зауытының ауласына өткен айда 500 тоннадан астам металл конструкциялар әкелінген. Олар күкірт қоймасын салуға арналған.
Әлемдегі минералды тыңайтқыштардың жетекші өндірушілерінің бірі – «ЕвроХим» компаниясы облыста бірегей химиялық кешен салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруды сәтті жалғастыруда. Қазіргі уақытта Жаңатас қаласы маңында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салынуда. Бұл «ЕвроХим» компаниясы бастаған ауқымды жобаның үш кезеңінің екіншісі. Бірінші кезең аясында инвестор жылына 740 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешенін салып, пайдалануға берген еді. Әкелінген металл конструкциялар жергілікті климаттың ерекшеліктерін ескере отырып, беріктігі жоғары металдан жасалған. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығына, жел мен суыққа төзімді. Сонымен қатар, олар сейсмикалық тұрақты және жеті балдық жер сілкінісіне де төтеп бере алады.
Республиканың атом өнеркәсібі үшін стратегиялық шикізат болып табылатын күкірт қышқылымен қатар, «ЕвроХим» жобаның үшінші кезеңін – минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін зауыт ашуды да іске асырады. Негізгі технологиялық жабдықты сатып алу рәсімдері аяқталуға таяу. Сарапшылардың айтуынша, салынып жатқан кешен болашақта Қазақстан экономикасының тыңайтқыштар экспортына тәуелділігін қысқартады және елдің ішкі нарығының қажеттіліктерін толық жабады.
Оның айтуынша, жобаның тағы бір жағымды жағы – оның аймақтың әлеуметтік ортасына әсері. Кәсіпорында барлығы 1200-ге жуық адам еңбек етеді, олардың 80 пайызын Қазақстан азаматтары құрайды. Бұл облыс тұрғындарына айтарлықтай көмек. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың мамыр айында «ЕвроХим» компаниясы Қытайдың China National Engineering Company (CNCEC) компаниясымен облыста бірегей химиялық кешенді жобалауға, салуға және пайдалануға беру бойынша келісімшарт жасасқан болатын. Істің нәтижесін көрер күннің де ауылы алыс емес.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ