Саясат

АЭС құрылысын қолдауға шақырды

Атом энергетикасының салынуы – елдің үдемелі дамуы мен оның технологиялық әртараптануы бағытындағы маңызды екінші қадам. Өйткені, уранның қоры бойынша әлемде екінші орында екенімізді ескерсек, АЭС салу ісіне жүрексінбей кірісуге болады. Онда атом өнеркәсібі мен медицина саласында ғылыми зерттеу, ауыл шаруашылығы, экономиканың барлық бағытында дамуға зор мүмкіндіктер туады. Бұдан бөлек, заманауи технологиялардың деңгейі – атом электр стансасын салуға жетеді. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) талаптарына сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолданып, шыққан қалдықтарды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, ешқандай қорқыныш болмауға тиіс. Кеше тараздық тұрғындармен кездескен Халықтық штаб мүшелері осылай деді.

Бұл күні Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері: Батырбек Құлекеев пен Эльмира Қойлыбаева әуелі «Минералды тыңайтқыштар зауытының» ұжымымен кездесті. Жиын барысында жұртшылық назарына АЭС құрылысының мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетіні, осы себепті, 6 қазан күні белсенділік танытудың маңыздылығы айтылды.

Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстанның энергетикалық секторын трансформациялауға арналған бастамалар да сөз болды. Халықтық штаб мүшелері еліміздегі электр энергиясының қорымен байланысты туындап жатқан түйткілдерге тоқталып, атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті.

Бұдан кейін, «Ғимарат- Темірбетон» серіктестігінің қызметкерлерінің қатысуымен өткен кездесуде атом электр стансаларының құрылысы инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыруға жол ашатыны айтылды. Сондай-ақ, спикерлер басқосуда референдумның маңыздылығын түсіндіріп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарына жауап берді. Халықтық штаб мүшелерінің пікірінше, қазірдің өзінде еліміздің өнеркәсіп саласында қуат көзінің тапшылығы анық байқалуда. Ал, АЭС құрылысы – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың дамуына серпін бермек.

Ал, «Имсталькон» Жамбыл металл конструкциялары зауытының қызметкерлерімен кезд есуде 6 қазан күні өтетін жалпыхлықтық референдумның маңыздылығы мен энергия тапшылығы кеңінен айтылды. Бұл күні Халықтық штаб мүшелері атом электр стансасын салу жөнінде өз ой- пікірлерін ортаға салды. Олар өз сөздерінде АЭС салу – үйдегі жылу мен экологиядан бастап, бизнесті дамытуға және жаңа кәсіпорындардың пайда болуына дейінгі мультипликативті әсер беретін ауқымды жоба екенін атап өтті. Осы себепті, олар еңбек адамдарын ел игілігі үшін маңызды шешім қабылдауға және АЭС құрылысын қолдауға шақырды.

Айта кетейік, осы күні «Есіктен есікке» акциясы аясында Халықтық штаб мүшелері көне шаһар тұрғындарына тиісті түсіндірме жұмыст арын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.

 

Есен ӨТЕУЛІ