Ұлт әдебиетіндегі ұлы тұлға
Қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевты оқырманға таныстырып жату артық болар. Қазаққа «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты құнды шығармалар сыйлаған Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға. Соның ішінде «Менің атым Қожа» шығармасының шоқтығы биік. Дара талантты тұлғаның 100 жылдық мерейтойы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Нарынқол ауылында, туған жерінде ерекше аталып өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен қаламгердің оқырмандары қатысты. Соның ішінде Жамбыл облысынан қатысқан бір топ жазушылар да бар.
Биыл айтулы тұлғаның 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Ең алдымен, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болып, сол тізімге енгізіп, әлем деңгейінде тойлауға себепші болғанын айтпай кетуге болмас. Бірқатар шет мемлекеттерде, одан кейін туған жерінде өтіп жатқан кеш бұдан кейін Франция мемлекетінің Париж төрінде жалғаспақ.
Бердібек Соқпақбаевты еске алу кеші Нарынқол ауданындағы Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» атты кештен бастау алды. Залға бастар жолдағы кітап, басқа да тақырыптық көрмелер бірден көпшілікті эстетикалық сән келбетімен баурап алды. Кеш шымылдығы «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Көптің көңілінен шыққан қойылымның қоюшы режиссері – Сержан Молдасан болса, көріністің көркін кіргізген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сияқты үздік актерлар өнер көрсетті. Жазушы рөліндегі Ербақ Құрманжанұлының өнері де көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы жеткізді. Ал, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жазушы жайлы естеліктерімен бөлісіп, мерейтойдың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, құттықтаушы сөз сөйлеушілер қатарында жазушының қызы Самал Соқпақбаева да болды. «Ұлт әдебиетін, қазақ әдебиетін көтеруге атсалысқан менің әкем Бердібек Соқпақбаевтың биылғы 100 жылдығы құтты болсын! Әкемнің туған күні ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Әкеміздің мерейтойын ЮНЕСКО тобына енгізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысым шексіз», деген жазушы қызы әкесі туралы жылы естелігімен бөлісе келіп, өзінің жазушы болмаса да аудармашылық жолда жүргенін айтты. Ұрпақтарымен таныстырып, аталған кешті өткізуге, ескерткішін орнатуға, кітаптарын шығаруға қолдау көрсеткен аймақ азаматтарына алғысын білдірді.
Осыдан кейін, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтың төрт томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков Бердібек Соқпақбаевпен болған кездесулерден сөз қозғап, сол кезеңдерді тебірене еске алды. «Бердібек ағам кездескенде «Жазбаймын деп жүріп жазып қоямын.
Мен ауылдастарымды жаза отырып, оны біраз елге таныттым. Мен енді жаңаша жаза алмайды екенмін. Ендігі қалғанын сендер жазарсыңдар», деді бір кездескенде. Аға, сіздің «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхат» атты кітабыңызды бүгінде оқымаған қазақ жоқ. Сіз бізге керексіз» деп жұбаттым. «Солай ма, менің жазғандарымды ел оқи ма?» деп қуанып қалатын. Менің айтарым, Бердібек Соқпақбаевты оқымаған әдебиетші әдебиетші емес», – деді Дулат Исабеков.
Жазушының туған қарындасы Нәсіпхан Аманбаева да өз сөзінде келген қонақт арға а лғысын білдіріп, өз естелігімен бөлісті. Жиыннан кейін «Ұлы әдебиеттің алыбы» атты ақындар айтысы ұйымдастырылса, кешке облыс өнерпаздарының қатысуымен Бердібек Соқпақбаев саябағында мерекелік концерт болды.
Мерейтойдың екінші күнінде Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы жастар саябағында жазушының еңселі е скерткішінің ашылу салтанаты өтті. Аталған іс- шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы келіп, Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Ескерткіштің шымылдығын Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов пен Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева ашып, өздерінің игі тілектерін жеткізді.
Мерекелік жиын жазушының шығармасына арқау болған Сарыжаз жайлауында жалғасты.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы