Жамбыл облысында ведомствоаралық «Бекет-2024» оқу-жаттығуы басталды
Кешенді ведомствоаралық оқу-жаттығуға Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жұмылдырылған, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Қорғаныс министрлігінің үйлестірумен басқару органдары, Полиция департаментінің, ҰҚКД, ТЖД және аумақтық қорғанысты қалыптастыру өңірлік бөлімшелері дағдарыс жағдайы туындаған кезде қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың түрлі сценарийлерін пысықтайды. Жамбыл облысының әкімі басқаратын өңірлік жедел штаб пен қорғаныс кеңесінің жұмысы ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» оқу орталығының базасында Жамбыл облысы аумақтық қорғаныс бригадасының құрамына кіретін жиынға шақырылған запастағы офицерлер мен сержанттар атыс дайындығы бойынша сабақтарға кірісті. Алдағы уақытта олар өңірлік жедел штабпен өзара іс-қимыл жасай отырып, маңызды мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғау мәселелерін іс жүзінде пысықтайды.