Отандық такси дамыса – қоғамға олжа
Биыл қалааралық сапарларда соңғы жылдары көш бастаушы болған InDrive такси сервисінің қызмет көрсету ауқымы алты өңірге дейін қысқарған. Бұған ресейлік «Яндекс» сервисін қолданушылардың күрт өсуі себеп. Елде ресейлік компаниялардың орынын отандық қызмет көрсетушілер баса алмай келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы бес айда отандық такси нарығы жолаушылар тасымалынан өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда екі есе көп табыс тапқан. Ал, тасымалданған жолаушылардың саны төрт есеге көбейген. Деректер арасынан ауқымы жоғары сервисті дөп басып айту қиын. Алайда, еліміздегі жолаушылар арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, ресейлік «Яндекс» агрегаторының позициясы елдегі такси нарығында мықтап бекігенін болжау қиын емес.
United Research Technologies Group зерттеушілер тобы биылғы маусымда республика аумағынан 1600 респонденттің қатысуымен арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі такси қызметін белсенді пайдаланатындарын айтқан. Ал, 51 пайызы таксимен күн сайын немесе бір аптада бірнеше рет қатынайды. Дәл осындай әлеуметтік сауалнама өткен жылы да ұйымдастырылған. Ол кезде де сауалнамаға қатысушылардан көбінесе қай сервисті қолданатындары сұралып, көпшілігінің таңдауы Яндекске түсетінін айтқан. Нақты дәлелмен көрсетсек, 2023 жылы Яндексті пайдаланушылар көрсеткіші 48 пайыз болса, биыл 59 пайызға жетіп отыр. Ал, InDrive қолданушыларының саны керісінше құлдилап, 24 пайыздан 19 пайызға төмендеген. Мұндай төмен көрсеткіш қалааралық сапарларда Яндекстің үлесі көбеюіне байланысты орын алып отыр.
Мәселен, 2023 жылы Абай, Атырау, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарының респонденттері қала ішінде қатынау үшін InDrive-ді жиі пайдаланғанды жөн көретіндерін айтса, 2024 жылы бұл өңірлердегі көшбасшылық Яндекске өткен. Ал, Ұлытау мен Қарағанды сол өңірден шыққан қазақстандық Region атты компанияның қызметтерін қолдана бастаған. Сауалнама қорытындысы бойынша бұл компания үшінші орынға ие болып, жалпы ел бойынша өз үлесін 4,8 пайыздан 5,5 пайызға дейін ұлғайтып отыр.
Тағы бір отандық Aparu атты сервис өзінің туған өңірінде – Шығыс Қазақстан облысында позициясын сақтап келеді. Өткен жылы бұл сервис Өскеменнен басқа Семей, Астана, Ақтөбе қалаларында етек жайып, Алматы нарығына да шыға бастады. Алайда, көшбасшылықты қолға алу үшін такси қосымшасы әлі де жетілдіруді қажет етіп отыр.
«Яндекс» өңірлердегі өз үлесін ұлғайтумен қатар биыл сәуірде жаңа бағыт – қалааралық тасымалдау жүйесін іске қосты. Бұған қарамастан өзге өңірлерде InDrive сөзсіз көшбасшы болып келді.
– InDrive бірнеше жылдан бері қалааралық сапарларды дамытып келеді. Сондықтан бұл қызмет аймақтарда танымал болды. «Яндекс» өз қызметін үлкен қалалардан бастады. Мегаполистерде тасымалдау көлемі мен тапсырыстардың тығыздығы жоғары. Яндекстің бизнес-моделі қала ішіндегі сапарлар сегментінде өзін жақсы көрсетіп келеді. Осылайша ірі қалаларға енген сайын пайдалану ауқымын кеңейту қажеттілігі туындады, – дейді «Қазақстан такси қызметтері» республикалық қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.
Оның пайымдауынша, қалааралық тасымалдау жүйесін іске қосу «Яндекс» үшін даму тұрғысында қисынды қадам болды, өйткені сервисті пайдаланушылар – ірі қалалардың тұрғындары жылдың төрт мезгілінде өңірлерге сапарлайды. Осындай пайдаланушыларды өз экономикалық жүйесінде ұстап тұруды жалғастыру үшін Яндекске жаңа өнім қажет болды. Яндекске жолаушылар тасымалы көлемі жағынан қалалардың ішіндегі сапарлар онша қызық болмауы да мүмкін. Бірақ, Яндекске клиенттерге қызметтердің барлық спектрін ұсына отырып, олардың қосымшаны пайдалану көрсеткішін ұстап тұру керек. Сондықтан, бұл компания біртіндеп аймақтарды және оларды байланыстыратын бағыттарды да игере бастады.
Қалааралық тасымалдаудан түсетін пайда көл-көсір екені айдан анық. InDrive сервисіне әу баста такси жүргізушілері 1000 теңге төлеп қосылатын. Бұл бір ғана бағыт бойынша. Бұл дегеніміз, сервис бір күнде жарты миллион теңгеге дейін пайда тауып отырған. Қазақстанда әуе тасымалы қымбат. Ал, пойызға билет үнемі тапшы. Қалааралық автобус маршруттары тек үлкен мегаполистерге ғана жүреді. Сондықтан халық такси қызметін пайдалануда аса белсенді болып отыр. Алайда, Яндекстің InDrive-ні нарықтан ысырып тастауы екіталай. Себебі, сарапшылардың айтуынша, Яндекстің бизнес-моделі қалаішілік бағыттар үшін өте қолайлы. Ал, InDrive қосымшасында бағаны жолаушы өзі ұсына алады. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша кең қолданылатын бағыттар бойынша бағаны есептейтін болсақ, Яндекс-те көрші Жуалы ауданына бару құны 2000-4000 аралығында. Ал, InDrive арқылы 1000–1500 теңгемен қатынауға болады. Ал, жыл басынан маусым айына дейін Жамбыл облысында қос такси сервисін пайдаланған жолаушылар саны 982 000 адамға жеткен.
– Тараз бен Жуалы арасында қатынайтын такси жүргізушілері жолаушыларды үнемі бір нүктеден жинайды. Алайда, барлығымыз InDrive қосымшасын белсенді қолданамыз. Егер жолаушы жиналмай жатса, осы қосымшаға жүгінеміз. Кейде жолаушылар өздері қосымшаға жазады. Ондай кезде бірден хабарласып, жолаушыны үйлерінен алып кетеміз. Қалай болғанда да бізге Яндекске қарағанда InDrive ыңғайлы. Яндекстің бағасы қымбаттау. Әрине, біз үшін Яндекстің бағасы тиімдірек. Бірақ жолаушылар Яндекспен жүргісі келмейді, – дейді жүргізуші Алмат Нұрмолдаев.
Демек InDrive – қалааралық тасымалдауда айқын көшбасшы болып отыр.
– Дегенмен, біз мұнда ірі компаниялар тарапынан бәсекелестіктің күшейіп жатқанын сезіп жүрміз. Сондықтан енді қазақстандық нарыққа одан да көп көңіл бөлетін боламыз. Қазақстан – біз үшін ең басым нарықтардың бірі. Біз алдымен барлық жаңа қызметтер мен пайдалы функцияларды осында іске қосамыз, содан кейін оларды басқа нарықтарға таратамыз, – дейді InDrive компаниясының елдегі менеджері Арай Бекембаев.
Қазір компанияның өзі хабарлағандай, сервис жаңа қалааралық бағыттарды іске қосқан. Бұл сервистің бүкіл ел бойынша 1300-ден астам бағыты бар. Яндекс қалааралық трафикті игеріп жатқанда, InDrive өзінің қалаішілік сапарларын пайдаланушылар арасында ғана емес, жүргізушілер арасында да белсенді түрде жарнамалауда.
Көріп отырғанымыздай, ресейлік агрегаторлар өз өнімдерін отандық нарықта күн өткен сайын нығайтып жатыр. Бұл қазақстандықтардың таңдауына айқын әсер етеді. Олардың отандық компанияларды пайдалану деңгейі төмендеп барады. «Сіздің такси таңдауыңызға қызмет көрсететін компанияның қазақстандық болуы әсер ете ала ма?» деген сұраққа берілген жауаптарға қарағанда, «патриот» такси пайдаланушылардың саны азайған.
2024 жылғы зерттеуде «такси қызметін көрсететін компания қазақстандық болса, дәл оны таңдар едім» деген респонденттердің үлесі алдыңғы сауалнамада 45 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 38,4 пайызды құраған. Сонымен қатар, зерттеу бойынша «компанияның тіркелген жері мүлдем маңызды емес» дейтін адамдардың саны айтарлықтай өскен. Қазақтілді респонденттер арасында жергілікті қызметтерді жақтаушылар көбірек. Қазіргі зерттеуде компанияларды таңдауға келгенде адамдардың жас мөлшерінің әсері де байқалады. Мысалы, 30-44 жас аралығындағылар арасында жергілікті компанияларға басымдық беретін респонденттердің саны көп, ал жастар үшін компанияның тіркелген орны мүлдем маңызды емес.
Тағы бір қызық жайт, биыл еліміздегі такси бағасының ТМД бойынша ең қымбат екені анықталды. Бұл көрсеткішке елдегі жоғарыда аталған қос сервистің монополист атанып отырғаны себеп. Биылғы жартыжылдықтың өзінде Қазақстанда такси қызметін 14 миллионға жуық адам қолданған. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы такси қызметінен түскен табыс 2 миллиард теңгені құраған. 2023 жылы ол 1,4 миллиард теңгені қамтыған болатын. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елдегі такси қызметінің салыстырмалы түрде қымбат болуына бірнеше фактор әсер етеді. «Бірінші кезекте сұраныстың болуына байланысты. Екінші кезекте, inDrive пен «Яндекс.Такси» секілді халықаралық платформалар біздің елде олигополиялық сипатқа ие. Яғни, такси платформаларының аз болуы, сәйкесінше бәсекелестік деңгейінің төмен болуы такси бағасының қымбат болуына әсер етеді. Сонымен қатар, өзіндік құн, яғни жанармай бағасының қымбаттауы мен жалпы елдегі инфляциялық жағдай да такси қызметінің құнына тікелей әсер етіп отыр», – дейді ол.
Қалай болғанда да inDrive және Яндекс сияқты екі алпауыт компанияның қазіргідей қарқынымен жуық арада бәсекеге қабілетті отандық такси сервисінің пайда болуы екі талай. Бұл дегеніміз, осы екі такси қосымшасын жай ғана қолданғанымыз үшін үлкен көлемдегі қаражаттың республикалық бюджетке емес, көрші елдің «қалтасына» кетеді деген сөз. Бұдан бөлек елде қытайлық DiDi мен америкалық UBER-дің де нарыққа аяқ басуға оқталғаны тағы бар. Отандық Aparu, Region сынды сервистердің сапасы сын көтермейді немесе маркетинг тұрғыдан қолданатын тәсілдері тым әлсіз. Бұл шетелдік такси сервистерді отандық нарықта әлі бес жылдай сайран салады деген сөз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ