Жаны қазақ Жанна
Отанын өз үйіне балап, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, азаматтық адалдығын танытып жүрген орыс қызын Т.Рысқұлов ауданынан кездестірдік. Жанна Калининаның қазақы ұлттық киімдерді тігіп, нарыққа сапалы өнім ұсынып отырған кәсіпкер екенін білгенде, қуанышымыз еселене түсті. Құлан ауылынан шағын тігін шеберханасын ашқан ол қазақы ұлттық костюмдермен қатар, кешке арналған көйлектер және тапсырысқа қарай мектеп формаларын тігеді.
Жаннаның өзі орыстың қызы болғанымен жаны қазақ десек, артық емес. Тілі де жатық, бойынан да қазақы тәрбиенің ибалылығы есіп тұр. Мұның бәрі де оның әжесінің тәрбиесінен екен.
Жеке кәсіпкерлігін ашарда қорқыныш болғанын жасырмаған Жанна әжесінің үнемі айтатын ақылын ескеріп, діттеген мақсатына жету жолында ешбір кедергіге тоқтап қалмаған. Жанындағы жолдасы да жігерлендіріп, жылы сөздерімен қолдау көрсеткен. Сөйтіп, 2023 жылдың басында тігін шеберханасын ашқан. Онда тапсырыспен киім тігумен қатар, өз шығармашылығымен әзірлеген сәндік костюмдерді де тігіп, сатылымға шығарады. Сонымен қатар, барлық киім- кешектерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізеді.
Он саусағынан өнер тамған шебердің ендігі мұраты – біраз тұрғындарды жұмыспен қамтитын үлкен тігін цехын ашу. Сол арқылы Құланның атын сәндік киім-кешек саласында шығаруды көздейді. Әрі өскен өлкесінің экономикалық тұрғыда да дамуына өз үлесін қосуды көксейді. Бірақ, қазірше үлкен цех ашуға дайындық жасап, шебер жандарды іздестіруде. Сонымен қатар, шағын бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға да ниеттеніп, дайындалуда. Талабы таудай, еңбекке құлшынған жастың қадамы құтты болып, мемлекеттік қолдауларды иеленсе, аймақтың әлеуетін әлдендіру үшін де үлесі зор болар еді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Т.Рысқұлов ауданы