Оқыту-тәрбиелеу ісінде жаңашылдық басым
Елдің ертеңіне жарқын жол салушылар білім беру-тәрбиелеу ісімен айналысатын педагогтар десек, артық емес. Ұстаздық – аса жауапты әрі құрметті мамандық. Өткен оқу жылын табысты қорытындылап, жақында ғана басталған жаңа оқу жылына жаңа мақсаттармен қадам басқан Т.Рысқұлов ауданындағы Ақтоған орта мектебі өзін-өзі дамыту режимінен инновациялық режимге көтерілген.
Ал, Жамбыл, А.Байтұрсынов, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептер даму режимінен, өзін-өзі дамыту режиміндегі мектептер қатарына қосылып, білім беру ұйымдары жұмысының оң динамикасын көрсетіп отыр. Облыстық көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен №1 мектеп-лицейі «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясын жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болған.
Өткен жыл аталған ауданның шәкірттері үшін де жетістіктерге толы жыл болды. 191 оқушы облыстық олимпиадаларға қатысып, 85-і жүлделі орындарды олжаласа, 62 оқушы республикалық олимпиадаларға қатысып, 28-і жүлдегер атанған.
Ауданның білім бөлімі желісінде 39 мектеп, оның 29-ы орта, 2-і негізгі, 8-і бастауыш және 24 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі мен 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балаларға тәрбие мен білім береді. Өткен оқу жылында оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Құлан ауылындағы «Арай» алқабынан заманауи үлгідегі 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, орта білім беру ұйымының желісі бір бірлікке артқан.
Әлемнің бірінші ұстазы Аристотельдің «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген сөзі адамзат тіршілігінің негізгі тұғырнамасы десек, артық емес. Себебі, мемлекеттің дамуы білімді, білікті азаматтарына байланысты. Ал, білім сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – мектептің ресурстық қамтамасыз етілуі. Ауыл мектептерін жаңа модификациялармен жарықтандыру бойынша облыстық бюджеттен мектептерге жаңа үлгідегі физика, химия, биология, робототехника, STEM кабинеттері мен қыздарға және ұлдарға арналған шеберхана сатып алынған.
Құлан мектеп-гимназиясы ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру мақсатында тірек мектебі ретінде бекітіліп, «Қазақстан халқына» қорынан пән кабинеттері 248 миллион теңгеге толықтай заманауи құралдармен жабдықталуда.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап» деген өнегелі сөзі бар. Осыны ұстанған мұғалімдер «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушыларына әдеби шығармаларды оқытуды назардан тыс қалдырған емес. Жоба шеңберінде 30 миллион 348498 теңгеге 7829 көркем әдебиет, 35 миллион 906 мың теңгеге электронды оқулықтар сатып алынған. Оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтылған.
Бүгінгі таңда білім мен ғылымға қояр талап артып, педагогтерге артылатын жауапкершілік те еселене түсуде. Ұстаз атына лайық әрекет етіп, еңбегін білімпаз шәкірттерімен көрсетіп жүрген Бағдат Баягизов, Күлсін Исаева, Елтай Құлмаханбет, Гүлнар Абылбаева, Гүлбаршын Құттымұратова, Айкенже Баймахан, Гауһар Оспанова сияқты мұғалімдер жоғарыда айтылған дарынды оқушыларды білім жолына жетелеп жүрген педагогтер.
Сонымен қатар, өткен оқу жылы аудан оқушылары спорт саласында да үздік нәтижелерге қол жеткізіпті. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов орта мектебінің оқушылары Қазақстан оқушыларының XXII жазғы Гимназиадасында 1-орын иеленіп, Бахрейн қаласында өтетін Дүниежүзілік гимназиадаға жолдама алса, Бауыржан Момышұлы және Максим Горький орта мектебінің оқушылары жүлделі орындарды иеленген. Ал, республикалық «Ұлттық мектеп лигасынан» Ақыртөбе орта мектебінің оқушылары жеңіске жеткен. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін ауылдық жерлерден ерекше қабілетті оқушыларды анықтау мақсатында 2019 жылдан бастап талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Мың бала», «Айқанат» онлайн мектебі жобалары жүзеге асырылып келеді. Аталған ауданнан «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасынан 9 оқушы, «Айқанат» интеллектуалды олимпиадасынан 7 оқушы жүлделі орындарға ие болса, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Темірхан Шәкен республикалық «Айқанат» мектебінде оқуға мүмкіндік алыпты.
Оқушылардың 11 жыл оқыған білімін сынға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге бұл ауданның өткен оқу жылындағы 759 мектеп бітірушісінің 671-і қатысқан. Өткен оқу жылында 23 түлек «Алтын белгі», 50 мектеп бітіруші «Үздік аттестат» иеленген. ҰБТ-да 15 «Алтын белгі» иегері 100 баллдан жоғары, біреуі 80 баллдан төмен көрсетсе, «Үздік аттестат» иеленген 22 оқушы 100-ден жоғары баллға ие болған. Аудан бойынша ең жоғары 133 баллды «Алтын белгі» иегерлері – Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің оқушысы Назым Жақсылық пен Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Жангелді Байкей алған.
Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» дегеніндей, тәрбие бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аудандық білім бөлімінің басшысынан сұрадық. Себебі, ойшылдың осы бір ауыз сөзінің растығын өмір өзі дәлелдеп отыр.
Жақында ғана басталған 2024-2025 жаңа оқу жылында бұл ауданда мектеп табылдырығын 1290 бүлдіршін аттады. Осы оқу жылының білім беру ісіне тілдерді кезең-кезеңмен оқыту шеңберінде 3-сыныпта «Шетел тілі» пәнін оқыту енгізілді. «ДосболLIKE» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру шеңберінде мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғаспақ. Ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерінде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілді. «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс күшейтілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы