Әлеумет

Тың жоба ойлап тапқан тараздық оқушы

Елімізде жаңа инновациялық технологияларды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өнертапқыштар қатары көбейіп келеді. Тараздық мектеп оқушысы Қанат Тәжіханның тың бастамасы соның айқын дәлелі. Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы еліміздегі алғашқы қалқымалы күн электростанциясын ойлап тапқан.

Жас өнертапқыш қалқымалы күн панелін жасап шығару үшін екі жыл уақытын жұмсаған. Қанаттың The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелінің ерекшелігі сол, ол жер бетіне емес, су бетіне орнатылады. Жоба алдағы уақытта өндіріске енгізілсе, кәдімгі күн электр станцияларына қарағанда 65 пайызға дейін көп энергия өндіруге мүмкіндік туады.

Қанат жобасын жүзеге асыру үшін алдымен күн электр станцияларының кемшіліктерін зерттеген. Ол үшін арнайы Жуалыға «Бурное Солар» күн электр станциялары орналасқан жерге барып, тәжірибелер жүргізеді. Сондағы Теріс-Ашыбұлақ су қоймасына өзінің қалқымалы күн панельдерін орналастырып, өз жобасының 65 пайызға дейін көп энергия өндіретінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығады.

Оның айтуынша, қалқымалы күн панельдерінің артықшылықтары аз емес. Атап айтсақ, құрылғыны орнату үшін арнайы жер дайындаудың қажеті жоқ. Оның орнын кез келген уақытта ауыстыра беруге болады. Панель су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни буланудан, балдырлардың өсіп кетуінен сақтайды. Ал, ең негізгісі, көп энергия өндіреді.

Өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда қорғап шыққан. Нәтижесі өте жақсы. Бүкіл Азия елдері қатысатын «Ingenious project – 2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында, Францияның Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленген. Француздар тіпті, жас таланттың талабын көріп, өз елдеріне шақырту да жіберіпті.

Айта кетерлігі, Қанаттың бұл жалғыз жобасы емес. Оның жаңа жобаларының қатарында қоқыс сұрыптау құрылғысы мен ерекше жандарға қолғабыс ететін протез бар.

Айта кету қажет, мектеп оқушысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырған. Белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдауды мақсат еткен жобаға он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 миллион теңгеден 30 грант беру жоспарланған. Жалпы гранттар «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар»,

«Бизнес», «Медиа», «Волонтерлік» бағыттары бойынша беріледі.