Әлеумет

Ет пен сүт өндірісі еселеп өсіп келеді

Жуырда шілде айында ел Үкіметі Қазақстанда сүт, ет және тауық жұмыртқасы өндірісінің күрт азайғанын хабарлады. Жыл басынан бері ел аумағында сүт өндірісі үш миллион тоннаға, ет – 15 пайызға, тауық жұмыртқасы – 10 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар, Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының есебін ескере отырып есептегенде, ірі қара мал басы екі миллионға, қой саны – 14 пайызға, ешкі – 20 пайызға, шошқа – 34 пайызға, құс – 22 пайызға азайып кеткені белгілі болған. Министрлер кабинетінде атап өткендей, ет пен сүттің өндіріс көлемінің қысқаруы нарықтағы өнім жетіспеушілігі сияқты күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін.

Біз осы бағытта өңірде қалыптасқан ахуал туралы білу үшін ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, мән-жайды білдік. Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов бүгінгі күні өңірде құс шаруашылығы бағытында бес ірі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейтінін, оның ішінде төртеуі ет бағытында, атап айтқанда «Әулие-ата Феникс» ЖШС, «Алель Агро»АҚ, «Қордай Құс» ЖШС, «БМ Агропродукт» ЖШС және «Ата-Даму» ЖШС сынды кәсіпорындар нәтижелі жұмыс істеуде. Биыл екі кәсіпорынның қуатын жылына тоғыз мың тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі уақытта «Әулие-ата Феникс» серіктестігі алты құсхана ғимаратының құрылысын аяқтауда. «Алель Агро» АҚ сегіз құсхана құрылысын жүргізуде.

Бүгінгі таңда облыста құс саны 1,9 миллион басты құрайды. Жыл басынан бері 11,2 мың тонна құс еті өндірілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. 376,4 тонна өндірілген құс еті экспортталды. Сондай-ақ, 75 миллион дана жұмыртқа өндірілсе, бұл көрсеткіш қазір 5,5 пайызға артқан.

Тұңғыш Жанұзақов өңірдің инвестициялық жобалар есебінен жұмыртқа мен құс өндірісін ұлғайтатынын айтты. 2024-2026 жылдары облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 77,5 миллиард теңгеге 36 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бұл сүт-тауар фермасын, құс фабрикасын, көкөніс қоймасын, бордақылау алаңдарын, балық шаруашылықтарын ашу, су үнемдеу технологияларын енгізу және тері өңдеу цехтарын құру сынды жобалар. Биыл облыста 357 жаңа жұмыс орнын құрумен қатар, жалпы сомасы 25 миллиард теңгеге 16 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда Жамбыл, Меркі, Шу аудандарында және Тараз қаласында алты жоба іске асырылды. Бұл жобалардың құны 7,3 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, инкубатор жасақтау, бес ауыл шаруашылығы құрылымында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жобалар сәтті іске асырылды. Жобалар аясында 87 адам жұмысқа орналастырылды.

Жалпы, жыл басынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. 142,5 миллиард теңгеге өнім өндірілсе, оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 42,9 миллиард теңгеге, мал шаруашылығында – 99,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Мал басына және ет пен сүт өндірісіне келетін болсақ, мұнда да біршама жағымды жайлар бар. Өңірде жыл басынан бері ет өндірісі 2,2 пайызға, сүт өндірісі 1,1 пайызға, жұмыртқа өндірісі 5,5 пайызға өскен. Сонымен қатар, ірі қара мал басы 7,9 пайызға, қой – 21,9 пайызға, жылқы – 5,8 пайызға көбейген.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ