Жаһан

Әлем алдындағы бедел

Қазір ел алдында жүргендер ғана емес, қарапайым халықтың да көзі ашық, көкірегі ояу. Саясат дегеніміздің не екенін, оның не үшін керектігін, саясаттың қоғамға ықпалының қаншалықты екенін ажырата білетін деңгейде. «Егер сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз де елдің қанатты ұстанымына айналды. Саясат – мемлекетті және қоғамды басқару өнері. Сондықтан ол саналы іс-әрекеттер саласынан бастау алады.

ӨЗАРА ІШКІ РЕФОРМА

Мемлекет ішіндегі таптардың, әлеуметтік топтар мен қабаттардың, ұлттардың қарым-қатынасын білдіретін саясаттың, мемлекеттің іс-әрекетінің және билеуші партиялардың негізгі бағыттарын қамтитын саясаттың ауқымы өте зор.

Мемлекеттің істеріне араласу, қызмет түрін, мақсат-мүддесін айқындау және оларды орындау секілді адамдардың өзара қатынастарында белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған іс-әрекеттің сипатын білдіретін бұл ұғым бір ауыз сөзбен айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі күнделікті мәселелер мен оқиғалардың жиынтығы.

Ішінара болса да, солардың бірқатарын атап өтейік. Ел аумағында ішкі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға мемлекеттік реттеулер жүргізуге, жергілікті мемлекеттік органдардың ішкі саладағы қызметтерін үйлестіруге, өңір, аймақ, аудан, ауылдардағы қоғамдық-саяси жағдайды, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметтерін талдау, іс-қимылдарын алдын ала білу, қоғамды біріктіруге және ішкі саяси жағдайды тұрақтандыруға, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеп, насихаттауға арналған жұмыстарды жүргізіп, ұсыныстар беруге қатысу; мемлекеттік органдардың және лауазым иелерінің мемлекеттік ішкі саясат жөніндегі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің, облыс және аудан әкімдерінің бөлім қызметіне жататын мәселелері жөніндегі актілерінің орындалуына бақылау жасау; Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму бағдарламасының негізгі басымдықтарын түсіндіріп, насихаттауға, қоғамды демократияландыру институттарының нығаюына қатысу, Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын және басқа да стратегиялық құжаттарды түсіндіру мен насихаттау жөніндегі республикалық және өңірлік деңгейдегі ақпараттық-насихаттық топтардың өңірдегі қызметін ұйымдастыру; аудан аумағында қоғамдық келісімді, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік рәміздерді пайдалануда мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, өңірлер деңгейінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру; барлық деңгейдегі ономастика комиссиясының қызметін қамтамасыз ету, тиісті салаларда нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ, келісімдерді, меморандумдарды және келісімшарттарды әзірлеу; аймақтық, өңірлік, аудандық, ауылдық округ әкімдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік ішкі саясат жөніндегі ақпараттық-насихаттау қызметіне бақылау жасап, үйлестіріп отыру, саяси партиялармен, ұлттық-мәдени бірлестіктермен, діни және өзге де қоғамдық ұйымдармен байланысты жүзеге асыру; үкіметтік емес ұйымдармен қоғамдық-саяси мәселелер бойынша өзара әрекет жасау, жергілікті жерде болып жатқан коғамдық процестерді жан-жақты зерделеу, талдау және реттеу; республика, облыс, аудан өмірінің маңызды мәселелері бойынша қоғамдық пікірді қалыптастыру, отбасы-демографиялық мәселелері бойынша жұмыстарды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы заңдарына сай өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру жатады.

ЖАҺАНМЕН БАЙЛАНЫС

Мемлекеттің ішінде жүргізілетін саясаттың, яғни ішкі саясаттың аясы осыншалықты кең болғанда, сыртқы саясаттың шекарасы қандай болмақ?

Сыртқы саясат – халықаралық аренадағы мемлекеттер мен халықтар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуші. Сыртқы саяси мақсаттар ұлттық мүддеге негізделеді. Оларды жүзеге асыру арқылы мемлекет сыртқы саяси қызметті атқарады. Мемлекеттің сыртқы саясаты сыртқы және ішкі факторлар ықпалымен қалыптасады. Сыртқы саясат мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату; мемлекеттің халықаралық ұйымдарда өз өкілеттілігін ашу немесе оларға мүше болу; мемлекеттің басқа мемлекет өкілдерімен әртүрлі деңгейлерде тұрақты немесе арагідік байланыстар орнатуы сияқты түрлерімен жүзеге асырылады. Сыртқы саясатты жүзеге асырудағы ең басты құрал – екіжақты немесе көпжақты келісімдер мен келіссөздер.

Біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді.

Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаяси және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын құрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап, біздің республика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Көптеген себептерге байланысты Орталық Азиямен қатар Қазақстан аймағы әлем саясатында қазіргі кезде ерекше назарға ие. Біздің еліміз екпінді даму қарқынының нәтижесінде ipi трансұлттық корпорациялардың, өзге мемлекеттердің үлкен қызығушылығын тудырған мемлекет. Бұл түсінікті де. Қазақстан Орталық Азиядағы географиялық сипаты бойынша ең ipi мемлекет болып табылады. Оған қоса экономикалық даму қарқыны бойынша біздің мемлекет аймақта көшбасшы. Осы ретте еліміздің болашақта даму мүмкіндіктерінің мол екенін ескере кету керек. Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруға бағытталып отыр. Осылайша, мeмлeкeтiмiздiң әлемнің жетекшi державалары мен көршілес ТМД мемлекеттepi арасындағы стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілді деуге болады.

Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық, мұсылман елдерімен ынтымақтастық, Еуропа Одағымен ынтымақтастық, ТМД мемлекеттерімен интеграциялық процестер, Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық, Халықаралық қоғамдастықтағы еліміздің позитивті образының қалыптасуына және оның халықаралық мәртебеге ие болуына ықпал етеді.

Бұл ретте ядролық қаруды таратпау, діни экстремизмге қарсы тұру, әлем діндері арасында толерантты қарым-қатынас құру мәселелерін сыртқы саясатымыздың озық үлгілері деп атап өтуге болады. Осының негізінде еліміз аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік мүддесі турасында халықаралық аренаға өз бастамаларымен шығуға мүмкіндік алды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекетіміздің салмақты тәжірибесі халықаралық деңгейде үлкен қызығушылыққа ие болып келеді. Қалыптасып келе жатқан халықаралық жағдайда халықаралық және аймақтық ұйымдармен қарым-қатынасты орнату ерекше маңызды. Өйткені, олардың басты қызметі қауіпсіздік саласымен тікелей байланысты.

Осындай ұйымдардың бipi – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы. (ШЫҰ). 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (ШЫҰ) құру бастамасына атсалысты және де дәл осы ұйым аясындағы қызметі сыртқы саясаттағы негізгі бағыттардың біріне айналды.

Біздің мемлекетімізбен бірге, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Иран, Пәкістан секілді мемлекеттердің басын қосқан бұл халықаралық ұйымға биыл елордамызда өткен саммитте Беларусь елі де мүше болып кіргені мәлім. Осы ондықтың жұмысын сараптауда Ауғанстан, Монғолия, бізге серіктес елдер Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, БАӘ, Түркия және Шри-Ланка мемлекеттері бақылаушы ретінде танылды.

ШЫҰ шеңберіндегі диалог арқасында Қазақстан саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша көптеген мәселелерді шешуге бағытталған сындарлы сұхбат жүргізу мүмкіндігіне ие және де бұл ұйым аясында терроризм, экстремизм мен сепаратизммен күресуде күш жұмылдыру мәселелері талқыланады.

МЕМЛЕКЕТ ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ

Жоғарыдағы фактілер Қазақстанның тәуелсіздік жылдар ішінде сыртқы саясатын белсенді жүргізетін нығайған, сенімді мемлекетке айналғанын көрсетіп отыр. Бұл мемлекет басшылығының сыртқы саясатты дұрыс және тиімді жүргізуіне байланысты мүмкін болып отырғанын атап кету керек.

Экономикалық жетістіктеріміз де осыны аңғартады.

Бұл республика жүргізген нарықтық реформалар жемісінің белгісі. Бүкіләлемдік экономикалық форум жария еткен әлемдік бәсекелестік индексіне сәйкес Қазақстан Ресей, Түркия мемлекеттерін басып озып, 56-орынды иемденді. Бұл тізім бойынша мемлекетіміз Орталық Азия мемлекеттері арасында көшбасшы.

Кеңейген экономикалық мүмкіндіктер республика алдында жаңа сыртқы саяси мақсаттар қойып отыр. Сарапшылар көзқарасы бойынша, Қазақстанның қарқынды дамып жатқан экономикасы «тұрақтылық экспортері» ретінде бүкіл аймақ экономикасының дамуының катализаторы болуы мүмкін. Бұл ретте қазақстандықтардың зияткерлік мүмкіндігі мен мемлекеттің табиғи байлықтары негіз бола алады. Мұнай мен газдың үлкен қорлары бар республика болашақта қалыптасып келе жатқан ғаламдық энергетикалық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын әлемдік нарыққа көмірсутегін жеткізетін жетекші мемлекетке айналуы әбден мүмкін.

Әлем Қазақстанға сенім артады. Қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаевтың айтуынша, сырт көз біздің елді сындарлы диалог жүргізуге дайын, прагматизмді ұмытпайтын, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысы жоғары әріптес ретінде таниды. Қазақстанның әлемдік аренадағы бастамалары қашан да көкейтесті. Солардың бірегейі – ядролық қарудан азат мемлекет құрудағы батыл қадамдары еді. Одан бөлек, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Мемлекетіміз барлық серіктестермен ашық, тең және шынайы диалог орната білді. Тіпті қазіргі геосаяси қақтығыстар мен қиындықтарға қарамастан, бұл қасиеттерін жоғалтқан жоқ. Бүгінде екі жүзге жуық мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Тәуелсіздік алған жылдан бері 130-дан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқаны да сенімге септігін тигізіп отыр.

 

Үміт БИТЕНОВА