Халықтық штаб: АЭС – экологиялық жағдайды шешудің төте жолы
Бүгінгі таңда сарапшылар дәстүрлі көмір генерациясымен салыстырғанда атом энергетикасы көміртегі қалдықтарын айтарлықтай азайтатынын айтып келеді. Ал, әлемдік тәжірибе мен зерттеулерге сүйенсек, атом электр стансасы кем дегенде 60 жыл жұмыс істейді екен. Сондай-ақ, толық тексерістен өткізгеннен кейін оның «ғұмырын» тағы 20 жылға созуға болады. Демек, еліміздің көміртегі бейтараптығына жетуінде АЭС-тің маңызы зор. Тек әуелі экологиялық тәуекел мен қауіпсіздік мәселесін мұқият зерделеп, әлеуметтік-экономикалық әсеріне көңіл бөлген жөн. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері өңір тұрғындарының қатысуымен өткен кездесулерде осылай деді.
Бейсенбі күні Халықтық штаб мүшелері облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауданына атбасын бұрған білім саласының қызметкерлерімен және Сауытбек ауылының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, олар бұл күні «Есіктен-есікке» акциясы аясында ауданның зиялы қауым өкілдері Бәйтерек Жұмаділдә, Мейірхан Балықбаев пен Ахметжан Қосақовтың шаңырағына арнайы барып, АЭС салудың маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Жалпы, тоғыз жолдың торабында орналасқан осы ауданда электр қуатының тапшылығына байланысты проблемалар жиі орын алатыны белгілі. Өйткені, республикалық маңызы бар теміржол мен негізгі тасжолдың бойындағы өңір транспорттар бір сәтке дамылдаған емес. Әрі мұнда өндіріс орындарының саны жыл сайын өсіп, өңірдің экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан, бұл аймақтың да электр энергиясына қажеттілігі жыл сайын артуда.
Бұл күні Халықтық штаб мүшелері Үміт Битенова мен Гүлжауһар Кушанова «Құмшағал» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Олар көпшілікті 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ, Халықтық штаб мүшелері Үміт Битенова мен Гүлжауһар Кушанова референдумның маңызы туралы айтты. Өз кезегінде бастауыш партия ұйымының мүшелері атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және оның қоршаған ортаға әсері туралы мол мағлұматтарға қанығып, көкейлеріндегі сауалдарына жауап алды.
Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров бастаған топ «Запчасть» АҚ қызметкерлерімен және «№9 қалалық емхана» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесуде жастар мен келешек ұрпақ үшін бұл жобаның берер пайдасы мол екені туралы дәйекті ақпаратты жеткізді. Әңгімелесу барысында АЭС-тың тек энергия көзін қамтумен шектелмейтіні, сонымен қатар, еліміздің экономикалық, ғылыми және технологиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосатыны атап өтілді. Бұдан бөлек, штаб мүшелері «Отбасы» банкінің өңірлік филиалында өткен жүздесу барысында штаб мүшелері жұртшылыққа атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіруге тырысты. Олар еліміздің келешегі үшін қоғам талқысына салынған мәселеде барша халық 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум арқылы өз таңдауын жасайтынына тоқталды.
Кеше АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Тараз қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықтық штаб мүшесі Мұқаш Ескендіров бастаған топ әуелі «Т.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-ның қызметкерлерімен кездесті. Басқосу барысында өнеркәсіп пен экономиканы одан әрі табысты дамыту үшін елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызы түсіндіріліп, штаб мүшелері көпшілікті АЭС салуға белсенді қолдау білдіруге шақырды. Сонымен қатар, жиында біртұтас электр энергетикалық жүйесінің энергия тапшылығы бар Оңтүстік аймақтарда электр энергиясын тұтыну жыл сайын өсетіні сөз болды. Штаб мүшелерінің пікіріне сүйенсек, бейбіт атом республикамыздағы күрделі экологиялық жағдайды шешудің төте жолы.
Мұнан соң, штаб мүшелері «Тараз мамандандырылған колледжінің» ұжымымен кездесті. Басқосу барысында штаб мүшелері Батырбек Құлекеев пен Эльмира Қойлыбаева атом электр станцияларының маңыздылығы туралы мәлімдеп, жасыл энергия көздерінің артықшылықтары туралы айтты. Ал, «Еуразиялық банк» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлерімен жүздесуде елдің энергетикалық қауіпсіздігі, атом электр станцияларының болашақтағы рөлі және экономика саласына энергияның әсері жөнінде айтылды. Штаб мүшелері жиналғандармен бірге бүгінгі таңда еліміздің энергетикалық секторында қалыптасқан жағдайды талқылады.
Осы күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының конференц-залында «Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын талқылау аясында ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Махметғали Сарыбеков «Энергетикалық қауіпсіздіктің экологиялық факторлары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде энергетикалық инфрақұрылымды дамыту барысында қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жиында «Жаратылыстану пәндері» кафедрасының PhD докторы Әлия Омарова мен «Экономика және бизнес» факультетінің деканы, PhD докторы Жарас Қуатбеков «АЭС салудың тиімділігі, пайдасы мен зияны» және «Атом энергетикасының экономикалық тиімділігі» тақырыбында сөз сөйледі. Жалпы, дөңгелек үстел барысында қатысушылар энергия көздерін әртараптандыру, энергетикадағы инновациялар және Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жақсартуға қажетті мәселелерді талқылады.
Есен ӨТЕУЛІ