Жаңалықтар

АЭС – «Жасыл» экономикаға жол ашады

Елімізде атом электр стансасын салу төңірегіндегі мәселе біраз уақыттан бері қоғамдық талқыға түсіп келеді. Мұндағы негізгі күдік-күмәннің салмағы экологиялық қауіпсіздікке түсіп тұрғаны анық. Бұған себеп те бар. Кезінде жапон халқының басынан өткен қайғы-қасіретті қазақ ұлты да өз деңгейінде сезініп көрген. Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы тағдыршешті шешімді халық құзырына қалдырып отыр.

АЭС салу бастамасы бүгін ғана пайда болған ұсыныс емес. Бұған дейін аталған мәселе 1997 жылы қаралған. Алғаш жобаны саралау кезінде АЭС орналасатын аудан параметрлерінің қолайлы екенін Атом қуаты халықаралық агенттігінің арнайы миссиясы растаған. Одан бөлек, 2016 жылы қазақстандық тараптың шақыруы бойынша Атом қуаты халықаралық агенттігі еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссиясын жүргізді. Миссияның жұмысы барысында АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі және қаржыландырумен, заңнамалық- құқықтық базаны дамытумен, қоршаған ортаны қорғаумен, электр желілерінің дайындығымен, білікті кадрларды даярлаумен байланысты мәселелер талқыланды. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша АЭХА арнайы есеп дайындап, 2017 жылы қазақстандық тарапқа ұсынылған. Кейіннен 2018- 2019 жылдары АЭС салудың неғұрлым қолайлы ауданы зерделенді, энергия балансының болжамды есептері жүргізілді. Реактордың басым түрі мен станцияның қуаты айқындалды. Қорытындылардың дұрыстығын The Japan Atomic Power Company мен Marubeni Utility Services, Ltd. компаниялардан тұратын жапон консорциумы растаған. Осылайша, маңызды бастама жылдар бойы пысықталу сатысынан өткен.

Қауіпсіздік мәселесіне келсек, мамандардың пікірінше, АЭС пен бейбіт емес мақсатқа пайдаланылатын бомба бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді. Атом электр станцияларында қолданылатын отын бомба жарылған кезде пайда болатын энергия шығарындыларын жасауға жарамайды. Реактор мен бомбаның айырмашылығы – олардағы, отынның байыту дәрежесінде. Яғни, АЭС-те Уран-235 үлесі 5 пайыздан аз болса, атом бомбасында пайыз шамасында. Энергия өндіру кезінде реакторда уран ядроларының бөліну процесі бақыланады және нормадан сәл ауытқу кезінде сенімді қауіпсіздік жүйелерімен түзетіледі. АЭС-тің қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы атом энергетикасының негізгі басымдықтары мен қағидаттарының бірі. Бұл тақырыпты көптеген халықаралық институттар, соның ішінде АЭХА белсенді зерттейді және оны әзірлеуші компаниялар мен АЭС оператор компаниялары барлық жерде енгізеді. Құрылыс және пайдалану технологиясын сақтай отырып, атом электр станцияларының қоршаған ортаға әсері басқа технологиялық объектілерге қарағанда айтарлықтай аз. Атом станциясы қоршаған ортаны парниктік газдар, күл, күйе сияқты заттармен ластамайды. Осының есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 миллион тоннаға қысқартуға ықпалын тигізеді.  

Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2022 жылы елімізде парниктік газдардың шығындылары 9,8 миллион тоннаны құраған. Ал, атом станциясын салу ісінде үлгі саналатын Франция Еуропадағы ең аз парниктік газдар шығаратын мемлекет болып отыр. Мұнда 61 реактор жұмыс істеп, жалпы энергияның 75 пайызын өндіреді, ал АЭС-тердің орташа жасы 28 жылды құрайды. Экономикалық игілікті ұтымды пайдалана білген Франция әлемдегі ең ірі электр энергиясын экспорттаушы мемлекетке айналған. Елде электр энергиясын қажеттілігінен 20 пайызға артығымен өндіріп, артық көлемін Италия, Ұлыбритания, Швейцария және Испанияға экспорттайды. Тиісінше, бұл жылына шамамен 3 миллиард еуро табыс әкеледі. Мұндай артықшылық Францияға Еуропадағы ең төменгі электр энергиясы бағасын ұсынуға мүмкіндік берді. Тіпті, субсидияларды есепке алғанда да электр энергиясының бөлшек бағасы төмен деңгейде. Сонымен қатар, Франция АЭС қалдықтарын өңдеу және жою жұмыстарымен белсенді айналысады және төртінші буын реакторларын әзірлеу жобаларына қатысады. Ал, елімізде АЭС құрылысына 3+ реакторлары пайдаланылады. Бұл экологияға кері әсері аз реакторлар ретінде танылған.

Атом энергиясы саласының тағы бір көшбасшы АҚШ-тың энергобалансында сексенінші жылдары АЭС үлесі 20 пайыз болған, одан кейін бірде-бір АЭС, реакторлар салынбаған. Сол уақыттан бері әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған реакторлар АЭС бөлетін энергия мемлекет балансында 20 пайыз қажеттілікті жабуда. Осыған қарап-ақ, атом электр станцияларының әртүрлі елдерде пайдаланудың көпжылдық тәжірибесі табиғи ортаға зиян тигізбейтіндігінің кепілі екендігіне көз жеткізуге болады. Ал, зиянды әсерлердің болмауы атом станциясының қызмет ету мерзіміне мүлдем тәуелді емес. Бұдан бөлек, жалпыхалықтық маңызға ие бастамада бір ғана ел жеке дара шешім қабылдай алмайтындығын ескерген жөн. Бұл бағытта түрлі халықаралық ұйымдар, әлемдегі АЭС-ке қызмет көрсетуші операторлар бірлесе жұмыс атқарып, халықаралық деңгейдегі АЭС құрылысына әрі жұмысына қойылатын стандарттар мен талаптар аясында шешім қабылдайды.  

 

Нұрболат АМАНБЕК