Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік мол

Ел тұрғындарының кәсіппен айналысуы экономикаға елеулі үлес қосатындықтан да жеке іс ашып, бизнеске бет бұратындарға бүгінде мемлекеттік қолдау ұдайы көрсетіліп келеді. Осындай қолдаудың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Жергілікті шикізаттан өнім әзірлеп, оны өткеруге бағытталған және кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім арқылы жергілікті өндірісті дамыту тұжырымдамасына негізделген жоба елімізде 2021 жылдан бері сәтті жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында облысымыздың тауар өндірушілерінің өнімдерінен көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.

Өңірлерді дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіріп шығаруына кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздеген іс-шараға Тараз қаласы мен облыстың барлық аудандарынан іскерлер қатысты. Олар өздері әзірлеп, өндірген ұлттық киімдерді, аксессуарларды, бас киімдерді, бірегей зергерлік және ағаштан жасалған бұйымдарды, түрлі азық-түліктерді көпшіліктің назарына ұсынды.

Көрмеге жасаған тауарларын ұсынғандардың бірі – Т.Рысқұлов ауданынан келген Гүлбахар Нурадинова бұл іс-шараға екінші рет қатысып отыр екен.

Айта кетейік, көрмеге қатысушылардың жәрмеңкесімен қатар, әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша панельдік сессиялар да өткізілді. Менторинг, бизнесті дамыту жайында «Үздік инвестиция» консалт-орталығының басшысы Айнұр Заурбекова және Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Виктория Усманова жүргізді.

Көрме-жәрмеңке аясында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бизнес-қоғамдастықпен кездесіп, пікірлесті. Сарапшылар анықтағаннан соң көрме финалистері бизнесті дамыту үшін мемлекеттен гранттық конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады.

Кездесу барысында жамбылдық кәсіпкерлер ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту мен ауыл халқының әл-ауқатын арттыру құралы ретінде өзінің тиімділігін көрсеткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасын жүзеге асыру барысында кейбір шектеулерге тап болатындарын айтып, оны шешу жолдарын қарастыруды сұрады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА