Отырықшылықтың орталығы болған ортағасырлық қала
Өңір тарихын айшықтай түсетін тарихи нысанның бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының маңындағы Сұлутөр шатқалында орналасқан Өрнек қалашығы. Ортағасырларда негізі қаланған қалашық түркі дәуіріндегі қала мәдениетінің ірі орталықтарының біріне жатады. Алғашында тайпалық қоныс болып, кейін бірте-бірте ауқымы кеңейген қалашық Қарахан хандығы тұсында қалалық-әкімшілік орталық болған.
Ұлы Жібек жолымен халықаралық сауда-саттық жасау есебінен қалашық X-XII ғасырларда өзінің шарықтау шегіне жетті.
Өрнек қалашығы жайындағы мәліметтер араб жылнамашысы Ибн Хордадбек пен Құдама құрастырған жол картасына да белгіленген. Араб тарихшылары Өрнек қа ласын Касрибас, Құлшуб және Жұлшуб сынды қалашықтармен бірге Тараз, Төменгі Барысхан және Құлан секілді ірі қалалардың маңында орналасқанын көрсетеді. Дегенмен, аталмыш картада Өрнек атауы нақты көрсетілмегендіктен ғалымдар бұл қалашықтың сол кезде қарлұқтардың феодалдарының иелігіндегі Құлшұб қалашығы ретінде картаға енуі мүмкін екендігін алға тартады. Әрі бұл болжам толықтай шындыққа жанасады. Өйткені, осы маңнан т абылған затт ай деректер қаланың тайпалық тұрақты қоныстың орнында пайда болғандығын растайды.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында мұнда X-XII ғасырларға жататын мешіт орны табылған. Мешіттің жанында жолға қарама-қарсы бетте тұрғын үй қалдықтары ашылғaн. Сондай-ақ, қазба жұмыстарының барысында əртүрлі кезеңдердегі мазар мен қабірлеу, қыш жасайтын шеберханалар, хұм, қазан, құмыра, сапты аяқтар және қыштан жасалған бұйымдардың қалдықтары анықталған. Талайдан сыр шертетін тарихи нысан 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік Мәдени мұралар тізіміне енген.
Нұрболат АМАНБЕК