Жаңалықтар

Қылқалам шеберлерінің құпиясы

Алуан түрлі бояудың толқыны есетін картиналарды қараған кезде онда кескінделген дүниеден бөлек, автордың ішкі әлемі де айқын көрініс табады. Иә, ол суретшінің боямасыз көңіл-күйі. Мұны кейде автордың көзқарасы деп те жатамыз. Шығармаларына қарап қылқалам шеберінің мұңы мен шаттығын салыстырып, тіпті философиялық ойларға жиі баратынын өзіндік қолтаңбасынан анық байқауға болады. Жалпы, суретшілер қауымының басым көпшілігі жұмбақ жандар. Олар туралы әр дерек тың, әр оқиға өзінше қызық.

Француздың атақты суретші, мүсіншісі Анри Матистің «Қайық» деп аталатын суреті 1961 жылы 46 күн бойы Нью-Йорктегі көрмеде асты үстіне қаратылып ілініп тұрған. Соған қарамастан, оған 1600 көрермен жоғары баға беріп үлгеріпті. Қылқалам иесінің бұдан өзге «Марокколық» (1913), «Суретші әйелінің портреті» (1913), «Өрнектегі декоративтік мүсін» (1927) туындылары, соғыс жылдары салған «Музыка» (1939), «Шашын жайған әйел» (1944), «Ванседегі капелла» суреттері әлем елдерінің көрмелерінде қойылған.

Суретшілердің дүниеге әкелген керемет туындыларын көргенде таңдана, тамсана қарайтынымыз рас. Алайда, бояусыз да салынатын суреттер бар. Мәселен, белгілі суретші Джексон Поллок өз суреттерін көбіне темекі тұқылымен салғанын білесіз бе? Соған қарамастан оның суреттері әлемге әйгілі.

1912 жылы белгілі суретші Леонардо да Винчидің «Джокондасы» қолды болады. Оны іздеп тапқанға дейінгі 3 жыл ішінде суреттің түпнұсқасы деп 6 көшірмесі сатылып үлгерген. Әрі олардың әрқайсысы үшін өте көп ақша төленген. Дегенмен, 1962 жылы «Джоконда» 100 миллион долларға бағаланып, 2009 жылы ол 700 миллион долларға сатылды.

Атақты суретші, архитектор, философ, инженер, математик, музыкант, мүсінші, ғалым Леонардо да Винчидің бір қолымен сурет салып жатқанда, екіншісімен жазу жаза алатын таңғажайып қасиеті болған. 15 жасынан бастап, Верроккьо атты суретшіден тәлім ала бастаған ол оқушы кезінде-ақ өз ұстазынан асып түсіп, екі қолымен бір уақытта жұмыс істеп, ерекше дарынын байқатқан.

Белгілі суретші Энди Ворхол тек суретші ғана болмаған. Айтпақшы, оның шын есімі Эндрю Вархола екенін көпшілік білмеуі мүмкін. Ол өз өмірінде 60-қа жуық фильм түсіріп үлгерген. Оның «Ұйқыбас» деп аталатын алғашқы фильмі досының қалай ұйықтайтынын баяндайды. Алты сағатқа созылған бұл фильмнің премьерасына небәрі тоғыз адам келсе, оның жетеуі фильмді соңына дейін көрген, ал екеуінің шыдамы бір сағатқа да жетпепті. Продюсер, дизайнер, жазушы, кинорежиссёр, поп-арт қозғалысының және жалпы қазіргі заман өнерінің тарихындағы елеулі тұлға. «Нomo universale» идеологиясының, «коммерциялық поп-арт» қозғалысының негізін қалаушы. 2018 жылдан бері өнерсүйер қауым назарына суретшінің бұрын-соңды жарияланбаған 130 мың тың фотосуреттері ұсынылуда.

Сіз білетін Микеланджело ше? Негізінде ол суретші ғана емес, ақын да болған. Бүгінге дейін оның 300-ге жуық өлеңі жеткен. Микеланджело италиялық ақсүйек отбасында туған. Суретшілік қыры баршамызға белгілі. Ал, ақындық қасиеті туралы не білеміз? Микеланджело қартайған шағында да поэзиядан қол үзбеді. Оның лирикасы терең, асқақ, трагизмге толы болды. Ақын адамзаттың ғұмыр бойы сұлулық пен жарасымдылыққа ұмтылатыны туралы және жалғыздық жөнінде жырлаған.

Клод Монеге сурет салумен айналысуға түрткі болған не екенін білесіз бе? Ол лотереядан 100 мың франк ұтып алып, сурет салу мүмкіндігіне ие болған. Ал, оған дейін белгілі суретші шабармандық жұмыспен айналысқан. Шебердің музасы болған арудың есімі Камилла болатын. Кейін ол Моненің жұбайына айналды. Оның танымалдылығын арттырған «Камилла» («Жасыл көйлектегі әйел») аталатын картинасы болатын.

Белгілі суретші Вермеер өзінің 11 баласы болғанына қарамастан, ешқашан балалардың суретін салмаған. Ол XVII ғасырда өмір сүрген Нидерландтың әйгілі суретшісі. Вермеер суреттері қай уақытта да жоғары бағаланған. Әсіресе композицияларының геометриясы мен детальдарының дәлдігі. Қылқалам шеберінің шығармашылық ғұмырында 45 шақты сурет салған болса, оның тек 34 суреті ғана бізге жеткен.

Ал, Ренуардың сурет салуға деген махаббатына кәрілік те кедергі бола алмаған. Оның сурет салуды жақсы көргені соншалық, тіпті қартайған шағында буын ауруынан саусақтары икемге келмей қалғанда да қылқаламды білегіне байлап алып, жұмысын тоқтатпаған. Француз суретшісі, импрессионист Огюст Ренуарды өнертанушылар «бақыт суретшісі» атағанын біле жүріңіз. Себебі, атақты суретші қолына қылқаламын алғанда ылғи реңді сәттерді, жақсы әсерлерді сездіруге тырысатын болған. Жалпы, Огюст Ренуардың аукционда сатылған ең қымбат картинасы 78 миллион тұрады. Бұл «Мулен де ла Галеттедегі бал» картинасының қысқартылған авторлық көшірмесі. 1990 жылы сатылым кезінде бұл жұмыс ең қымбат картиналар тізімінде екінші орында болды.

Жиырмасыншы ғасырдың әйгілі тұлғасы Пабло Пикассоның толық аты 23 сөзден тұрады: Пабло-Диего-Хосе-Франсиско- де-Паула-Хуан-Непомусено-Мария-де- лос-Ремедиос-Киприано-де-ла-Сантисима- Тринидад-Мартир-Патрисио-Клито-Руиз-и- Пикассо. 1912 жылы оның «Коллаж» атты картинасы дүниеге келді. Бұл туындының бір ерекшелігі түрлі маталар мен газет парақшаларының пайдаланылғандығында еді. Көптеген өнер адамдары секілді Пикассоның да өнеріне тәнті болып, көңілін білдірген қыз-келіншектер көп болды. Бейнелеу өнері классигінің артында 4 баласы қалған.

 

Назерке ОҢҒАР,

журналист.