Саясат

Қарыштап дамудың қадамы

Жер бетін мекен етіп жатқан мемлекеттер дүниежүзілік қалыптасқан қағида бойынша дамыған елдер немесе жетекші елдер және дамушы елдер болып саналады. Елдің халқы, билігі мен салық жүйесі ол мемлекеттердің бірден-бір ерекшелігі болып есептеледі. Осы реттен алғанда, дамушы елдердің дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтылысы, өркениетке талпынысы заңдылық.

Біз де өзіміздің дербес, тәуелсіз мемлекетіміздің дамыған елдер қатарынан табылуын қалаймыз.

Қазір елімізде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Қоғамымызда дамуға ұмтылған елдердің алғышарттарының бәрі қалыптасуда.

Бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптың бірі – АЭС мәселесі. Мемлекетіміздің экономикасының қарыштап дамуына зор ықпал ететін атом электр стансасының дәл қазіргі уақытта аса қажеттілігі туындап отырған жағдайда халқымыздың алдында үлкен таңдау тұр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған мүмкіндік.

Президентіміздің бастамасымен 6 қазан күні елімізде өткелі отырған референдум халықтың ашық та әділ көзқарасы мен өзіндік ұстанымдарының дәрежесін көрсететін болады деп есептеймін.

Шын мәнінде, атом электр стансасын салу тек дамыған елдердің ғана іске асыра алатын жоспары. Ал, әлеуеті төмен мемлекет атом мәселесіне дендеп кіре алмайды. Біздің Қазақстанымыздың әлеуеті осы мақсатқа сай.

АЭС болашақта біздің халқымызды, жас ұрпақты технологиялық, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және геосаяси тұрғысынан жаңа деңгейге көтереді.

Бүгінгі күнде атом өнеркәсібінде 15 мыңнан аса азамат еңбектенуде. Қазір біздің әлемдегі келбетіміз энергетикалық ресурстарға бай, мүмкіндігі мол, мұнай-газ саласын мықты игерген, әлеуетті жас, дамушы мемлекет бейнесіне лайық. Айталық, дүние жүзіндегі дамушы елдер азық-түлік өнімдерінің тапшылығынан зардап шегіп, «қарын философиясымен» алысып, күн өткізуі мүмкін. Ал, дамыған, жетекші елдердің мүддесі өз болашағына, алға қарай дамуына мән беріп, жоспарлы техникалық жаңалыққа бағытталады.

Сондықтан, біз үлкен мүмкіндіктер алдында тұрған елміз. АЭС құрылысын салуды қолдау – болашақтың жоспарын нығыздап бекіту деген сөз.

Келешек жас ұрпағымыз жасанды интеллектіні еркіне бағындырған, жоғары интеллектуалды сатыға шығып, әлемнің барлық жерінде бәсекеге қабілетті болсын десек, олардың ең алдымен атомды игеруі, атомдық энергетикалық реакторларды жетік меңгеруі өте маңызды. Өзім алдағы референдумда дауыс бере отырып, болашаққа, еліміздің дамуына, жастарымыздың әлемдік бәсекелестікке қабілетті болуына инвестиция жасаймын деп сенемін.

Әлемнің қозғаушы, дамытушы күші – ғылым мен жаңа технология. 6 қазан күні біз болашаққа дауыс бергелі тұрмыз, осыны нақты түсінген замандастарымды референдумға бірауыздан қатысуға шақырамын.

 

Марат ӘБДІРАЙЫМОВ,

облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.