Әлеумет

Ертеңге – сенім, өркениетке – серпін

Қоғамда АЭС құрылысы жобасына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Атом энергетикасы саласындағы мамандар мен ғалымдар оны салу ел экономикасының дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына алып келеді деген пікірлерімен бөлісуде. Экономист ретінде өз жеке пікірімді айтар болсам, АЭС салу – бұл еліміздің экономикалық тұрақтылығын дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын.

Себебі, экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін.

Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты дәл осылай болуы керек», деп АЭС салуда дұрыс таңдау жасаудың ерекше маңыздылығын жан-жақты түсіндірді емес пе?

Егер АЭС салудың еліміздің экономикасының дамуына тигізер оңды әсерлерін санамалар болсақ, аз еместігіне көз жете түседі. Солардың ең бастылары – энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығына қол жеткізу, импорттық энергия ресурстарына тәуелділіктің және көмір мен газға тәуелділіктің азайтылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы АЭС орналасқан аймақтың экономикалық дамуына серпін берілуі.

Ал, АЭС-тің қауіпсіз жұмыс істеуіне жету – ерекше маңызды мәселе. Бұл үшін Қазақстан жаңа АЭС-ті Халықаралық атом энергиясы агенттігінің зерделеуінен өткен заманауи технологияларды енгізу арқылы салып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Әрі оның құрылысын жүргізу дамыған елдің тәжірибесі мол компаниясына сеніп табысталады деп ойлаймын.

Сондықтан алдағы референдумда отандық энергетикалық жүйені жетілдіруді, сол арқылы еліміздің экономикалық тұрақтылығын нығайтуды, халықтың әл-ауқатын жақсартуды қолдап дауыс беретін боламын.

 

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты.