Әлеумет

Қоршаған ортаны қорғауға қоғам белсенділігі қажет

Жаһанды алаңдатып отырған экологиялық проблемалармен қоғам болып күреспейінше, нәтиже аз. Сондықтан, облыстық Қоғамдық кеңестің елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, эко-мониторингтік топ құруының мәні үлкен.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткендей, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатқаны белгілі. Бұл тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастамаға айналды.

Жақында облыстық Қоғамдық кеңестің мониторингтік тобы эко-бақылау жоспарына сәйкес Талас ауданының тарихи-мәдени нысандарына эко-мониторинг жүргіздік.

Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кездесуде аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған «Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жұмыс берушілердің сұранысына сай жұмыссыздарды қайта кәсіптік даярлау курстарының барысына талдау жасалды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар, Үшарал ауылдық округі тұрғындарының спорт мектебін ашу туралы қоғамдық кеңеске жолданған өтініші қарастырылды.

Экологиялық мониторинг жүргізу кезінде Батырлар аллеясында, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңында күнделікті тазалық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейтінін байқадық. Күтімнің төмен екені көрініп тұр.

Талас аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен бірлесе жүргізген зерделеу жұмыстары кезінде туындаған сұрақтарымызды аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибековаға, Қаратау қаласы әкімдігі, аудан әкімдігі бөлімдерінің қызметкерлеріне қойдық.

Қаратау қаласында көпқабатты тұрғын үйлер аумағында демеушілер көмегімен балалар алаңшаларын салу қолға алынған екен. 6 ойын алаңшасын орнату жоспарланыпты. Алаңшалар салынған соң аумағын күтіп ұстау, абаттандыру секілді мәселелер туындайтыны белгілі. Өз кезегінде топ мүшелері осыны еске салдық.

Біз сондай-ақ эко-бақылау жүргізу апталығы аясында жер қойнауы қазбаларын пайдалану нысандарына мониторинг жүргіздік. Қаратау қаласынан 9 шақырым қашықтықта орналасқан «Жамбылнедр цемент зауыты» ЖШС Сүлеймен сай қойнауынан алынатын шикізат – әктасты 3 шақырым қашықтықта орналасқан зауытқа жеткізеді екен.

Амангелді газ-кен орны, Шолақтау фосфорит орны, 6 мрамор қойнауы, Алинекс бөлімшесі де Талас ауданы аумағындағы шикізат өндірушілер. Ал, шикізат өндіру және тасымалдау кезінде көп жағдайда экологиялық талаптар сақтала бермейді.

Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, ауданда 13 жер қойнауын пайдаланушылар бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда осы салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыруды тапсырды. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Бұл туралы Жолдаудың жетінші бағытында: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.

Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек», – деп атап көрсетті.

Мониторингтік топ Эко-бақылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес тарапынан ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

 

Сәуле РЫСБАЕВА,

облыстық Қоғамдық кеңестің Эко-мониторинг тобының мүшесі.