Әлеумет

Болашағын әскери саламен байланыстырған сарбаздар

Жуырда Меркі ауданындағы мотоатқыштар батальонының оннан астам мерзімді қызметінің сарбаздары Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түсуге ниет білдірді. Дәлірек айтқанда, жауынгерлер мерзімді қызметі аяқталғаннан кейін жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігін пайдалануды жоспарлап отыр.

Батальон командиріне институтқа түскісі келетіні туралы рапорт жазған олар болашақта әскери салада қызмет еткісі келетіндерін айтуда.

Атап өту керек, әскери оқу ордасына түсу кезінде мерзімді қызмет сарбаздарына ұлттық бірыңғай тесттің нәтижелері қажет болмайды. Олар тек дене шынықтыру нормативтерін тапсырса жеткілікті. Қостанайдан келген қатардағы мерзімді қызметтегі Роман Музафаров Құрлық әскерлерінің Әскери институтына түсуге ниет білдірген сарбаздардың бірі. Ол өзінің шешімі туралы туыстарымен бейнебайланыс арқылы тілдескен кезде хабарлаған. Өз кезегінде туған-туысы оны қолдап, әкесі ұлының мұндай шешімін мақтан тұтатынын жеткізген.

Ал, алматылық Рауан Тұрысқұловтың отбасында әскери қызметшілер жоқ. Ол өз әулетінен шыққан алғашқы офицер болуды армандайды. Айта кету керек, сарбаздарға жоғары білім алуға мүмкіндік беру жүйесі әбден ойластырылған. Сондықтан мерзімді қызметке шақыруды болашақ перспективалардың ең жақсы нұсқаларының бірі деп атауға болады. Мәселен, Роман Музафаров пен Рауан Тұрысқұлов әскери институтқа түсуге ниет білдірген басқа да сарбаздар секілді осы жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылған.

 

Есен ӨТЕУЛІ