Отбасына – қамқор, Отанына – қорған
Шыны керек, кез келген ер азаматтың толыққанды қалыптасуына әскери тәрбие ауадай қажет. Оның үстіне, әрбір үйдің еркесі тәртіпке көндігіп, оң мен солын танитын жер де – әскер. Бұл ретте әскерге қабылдауда дене бітімі келісті, денсаулығы мығым, ойы ұшқыр әрі арнаулы білімі бар жастарға басымдық берілетіні белгілі. Сондай жандардың бірі – Алексей Черепанов.
23 жастағы жас жігітке бала кезіндегі арманын орындап, еліміздің Қарулы Күштер қатарында қызмет етуі үшін көлемді несиесі, сүйген жары мен 2 перзентінің болуы кедергі болған жоқ. Керісінше, оған заңнамалық деңгейде мерзімді әскери қызмет кезінде несие төлеуді тоқтататын ережелер әскери өмірді сезінуге мүмкіндік берген.
Айта кетейік, Риддер қаласының тумасы ерте жастан шаңырақ көтереді. Тұңғышы Ильяның дүниеге келуі жас жігітке зор жауапкершілік жүктегені рас. Осы себепті, азаматтық борышын өтеуді кейінге қалдыруға тура келді. Ал, көп ұзамай қылықты қызы Полина жарық дүние есігін ашқанда ол отбасын асырау үшін бел жазбай еңбек ету қажеттігін түсінеді. Жалпы, кейіпкеріміздің мамандығы – шахтер. Ол жерасты тау-кен жұмыстарында машинист болып жұмыс істеді. Жоғары жалақысы бар Алексей осындай сәттердің бірінде өзі құрған жас отбасына лайықтап үй алуды көздейді. Осылайша, екінші деңгейлі банктің бірінен 10 миллион теңгеден астам несиеге қол жеткізеді. Жас жігіт әскерге аттанар алдында несие туралы ойлар алаңдатқанын жасырмады.
Рас, қазір қолданыстағы заң бойынша азаматтар мерзімді әскери қызмет кезеңінде болғанда және әскерден соң 60 күнге негізгі қарыз бойынша төлемді кейінге қалдыру қарастырылған. Ал, жас жігіт отбасын құрып, заңды некеге тұрған жағдайда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, оның әскерге баруы кейінге қалады. Алайда, кейіпкеріміз жан-жары Эвелинамен некесін тіркемегендіктен, мұндай мүмкіндіктен қалыс қалады. Алайда, оған жергілікті әскери органдардың қызметкерлері некесін заңды түрде тіркеуді ұсынады. Әйтсе де, Алексей мұндай мүмкіндіктен өз еркімен бас тартып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді жөн деп санаған.
Есен ӨТЕУЛІ