Ілім мен ізгіліктің шырағын жаққандар
Білім беру ісі қашанда маңызды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай хакім дәл сипаттаған. Тәулігіне 24 сағат мектеп өмірін, баланың тәрбиесін ойлайтын ұлағатты ұстаздар бар. Солардың бірқатарын Шу ауданының мектептерінен кездестірдік.
Мәселен, 1225 баланы біліммен қамтып отырған Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында 67 мұғалім еңбек етсе, оның ішінде 3 ұстаз – шебер. Шебер деңгейі – мектептегі мұғалімдерді бағалаудың ең жоғарысы. Мұндай деңгейге кейбір аудандарда 2 педагог жетіп жатады. Ал, аталған мектепте 3 шебер ұстаздың болуы білімнің сапалы екенін байқатады. Атап айтқанда, биология пәнінен 30 жыл бойы дәріс беріп келе жатқан Мереке Кенжебекова, 35 жыл еңбек өтілі бар, география пәнінің мұғалімі Эльмира Имашева, 21 жыл өтілі бар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айша Ниязалиева – мектептің мақтаныштары. Бұл ұстаздардың жетістіктері ұзақ жыл еңбек етулерінде ғана емес, тиянақты білім алған озат та үлгілі, жан-жақты шәкірттерді көптеп тәрбиелеп шығарғандарында. Яғни, жетістіктері жетерлік. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде аталған білім ошағынан 14 «Алтын белгі» иегері шыққан екен.
«Біз білім берумен ғана шектелмей, шәкірттің бойындағы ерекше қабілеттерін ашуға күш саламыз. Мәселен, мектеп партасында жүрген кездерінде Данияр Тұраров сурет бағыты бойынша, ал Бегінай Сансызбайқызы спорттағы халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Мектептің гандбол қыздар құрамасы облыстық чемпионаттың жүлдегері. Мектебімізден Махмұд Қасымбеков, Бөрібай Жексембин секілді қоғам қайраткерлері шыққан. Белгілі кәсіпкер түлегіміз Сәуле Рысбаевамен де мақтанамыз. Біраз жыл бұрын Махмұд Қасымбеков мектебімізге «Ваз-21-07» автокөлігін сыйлап, 25 оқушыны Астанаға қыдыртты», – дейді мектеп- гимназия директорының орынбасары Самал Зәкірова.
«АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІН ТӘРБИЕЛЕЙТІН АЛТЫН ҰЯ
Шу ауданындағы мақтаулы білім ошағының бірі – Ермахан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы. Білім ошағында 1385 бала білім алса, 127 мұғалім еңбек етеді. 50 кіші қызметкер бар. Биыл 80 оқушы мектеп бітірген. Олардың 15-і «Алтын белгі» иеленсе, 13-і «Ерекше аттестат» алған. Салыстырмалы түрде айтсақ, аудан бойынша 33 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, оның 15-і Ермахан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары. Білім ошағында 13 шебер, 47 зерттеуші мұғалім еңбек етеді. Сонда педагогикалық ұжымның тең жартысы шебер және зерттеуші ұстаздар. Мұндай білім ошағының нәтижелеріне таңдануға да болмайтын шығар. Соншама шебердің жетістіктерін тізіп айту мүмкін емес. Дегенмен, 30 жыл бойы ағылшын пәнінен сабақ беріп келе жатқан Мая Қадырованың еңбегі ұшан-теңіз. Мая озат әріптестері Алтынай Бекбосыновамен, Нұржан Ыстыбаевпен, Назира Имашевамен үнемі тәжірибе алмасып, сабақ барысын талқылап отырады. Аталған мектеп-гимназия оқушылары Диана Ембердиева Президент атындағы республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанса, Азиза Әбітова республикалық «Айқанат» олимпиадасынан жүлделі үшінші орынды иеленген. Зибара Абылай да түрлі олимпиадалардың жүлдегері. Дария Тастанова республикалық «Алтын сақа» байқауында математика пәні бойынша жүлдегер атаныпты. Мектептің волейбол құрамасы облыстық турнирдің үшінші жүлдесін иеленген.
– Алғаш директор болып келгенімнен барлық күшімді жұмысқа салып, ұжыммен де, оқушылар, ата-аналармен де тіл табыстым. Қазіргі таңда білім ошағының аты жақсы жағынан шығып жүр. Әрине, оған тоқмейілсімейміз. Білім ошағы, балалар жүрген жер күні бойы қатаң қадағалауды қажет етеді. Барлық орынбасарларыммен бірге жауапкершілікті сезініп отырмыз. Озат ұстаздардың, жас ұстаздардың ұсыныстарын тыңдауға, өнерлі, спортшы, шығармашыл оқушыларды қолдауға дайынбыз. Әйгілі ғалым Ермұхан Бекмахановтың атына лайық болуға күш сала береміз, – дейді мектеп-гимназиясының директоры Азиза Естаева.
Расында, бұл білім ошағының жетістіктері мол. Ынтымағы жарасқан ұжым алдағы оқу жылында да биік белестерден көріне береміз деген сенімде.
ҰЛАҒАТ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰСТАЗДАР
Білім саласындағы жаңашыл қадамдардың барлығы Шу өңірінің мектептерінде де жүзеге асып жатыр. Мәселен, 35 жастағы Дархан Тәтібеков республикалық «Мың көшбасшы» байқауына қатысып, өзінің білімі мен іскерлігін дәлелдеп шыққан. Аталған жобаға республика бойынша 8063 үміткер қатысса, 208-і ғана талапқа сай болған. Оның ішінде облысымыз бойынша 7 үміткер топтан озса, оның 2-і Шу ауданынан. Осылайша, Дархан Рахымбердіұлы былтыр ғана 100 адам еңбек ететін, 670 оқушысы бар орта мектепке директор болып тағайындалыпты.
«Жас келсе – іске» дегендей, Дархан Тәтібеков директор болғалы қарап отырған жоқ. Мектептің озат ұстаздары, зерттеушілер – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Қарлығаш Ықыласова, орыс тілі маманы Гүлнар Ақылбекова, тарих пәнінің мұғалімі Гүлзада Сегізбаева бастаған педагогикалық ұжыммен бірге оқу сапасын жақсартуға күш-жігерін жұмсауға кірісіп кеткен. Шу аймағына есімі кеңінен танымал тұлға, кезінде ректор қызметін атқарған Шолпанқұл Ибрагимов атындағы оқу кабинетін, «Жас қалам» тілшілер үйірмесін ашып, «Қасиетті шаңырақ» атты мектептің газетін шығартып, тыным табатын емес. Аталған газетті тіл маманы, жас мұғалім Ермахан Несіпханұлы жаңа идеялармен шығарып отыр. Бұл білім ошағында белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы білім алса, бокстан үш дүркін Азия чемпионы Мадияр Бексұлтанов түлеп ұшқан. Қазіргі таңда Ғұмыр Әлкен, Мағдислам Әлкен есімді ағайынды боксшылар спорт шеберлігіне үміткер атануда. Олар жасөспірімдер арасында республикалық турнирлерде жүлдемен оралған. Шу ауданы тегіс танитын суретші-мүсінші Қали Қораласбаев та осы мектепте үйірме жетекшісі ретінде шәкірт тәрбиелеуде. Мектеп тізгінін енді қолға алған Дарханның жарқын қадамдары осындай.
Осылайша, шулықтар биылғы оқу жылын жақсы қадам, үлкен сеніммен бастап отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы