Әлеумет

Жылу маусымына дайындық барысы пысықталды

Былтырғы қыс жамбылдықтарды әбден әбігерге салғаны белгілі. Әсіресе, Күйік және Қордай асуында қолайсыз ауа-райының салдарынан көліктер қар құрсауында қалып, адам өміріне қауіп төнгені дәл кешегідей есімізде. Осыған байланысты облыс әкімдігінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің және жауапты сала мамандарының қатысуымен елді мекендер мен коммуналдық шаруашылықтардың қысқа дайындығы мен жылыту маусымына әзірлік мәселесі бойынша кеңес отырысы өтті.

Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы биыл тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп 2024-2025 жылдарға облыстық, аудандық және елді мекендердің автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Жол картасына сәйкес 1 қазанға дейін автожолдарды қысқы күтіп ұстау үшін мердігерді анықтап, қажетті инертті материалдар қорын әзірлеп, өндірістік базалары мен бокстарды қыс мезгіліне дайындап және осы бағытта басқа да жұмыстарды жүргізу қарастырылғанын айтты.

Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды 2024 жылғы қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 380,8 миллион теңге бөлінген. Жол басқармасы, аудан және Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан 22 мердігермен шарт жасау жоспарланып, 224 бірлік техника жұмылдыру көзделген. Бүгінгі таңда көше желілерін күтіп ұстауға облыс көлемінде 17 770 тонна құм, 1755 тонна тұз секілді инертті материалдар қажет. Ал, қазір өңірге 10 700 тонна құм және 765 тонна тұз жеткізілген.

Баяндамадан соң облыс әкімі жауапты сала мамандарынан қысқы мезгілге дайындық барысын пысықтады. Қыс қателіктерді кешірмейтінін ескертіп, кейбір мекемелерге қажетті жанар-жағармай мен инертті материалды сатып алу мәселесін жеделдетуді тапсырды. Әрі қарай облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов коммуналдық мекемелердің алдағы мезгілге дайындық барысы бойынша есеп берді. Жауапты маманның сөзінше облыс нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі бекітілген. Жоспарға сәйкес штаб отырысы ай сайын өтуде, бүгінге 7 штаб отырысы өткізілген.

Алдағы кезеңдегі түйткілді мәселелер сөз болған кеңес отырысында Ербол Қарашөкеев салаға жауапты мамандарға қыста орын алатын қолайсыздыққа ертерек қам жасап, былтырғыдай олқылықтарды болдырмау керектігін баса айтты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ