Саясат

АЭС жобасы – экологиялық тұрғыда қауіпсіз

Атом электр стансасы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде Халықтық штаб өкілдері өңір-өңірлерде атом энергетикасын дамыту мен атом электр стансасын салу жайында кездесулер ұйымдастыруда. Мақсаты – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап беру.

Кеше Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб мүшелері: Ерсін Сариев, Серік Жетібаев, Дәурен Ахметжаев, Андрей Савченко, Анар Досымабаева және Жанат Бастаубаева тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. Штаб мүшелері әуелі облыстық наркологиялық диспансерінің ұжымымен кездесті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйек күні халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының әрбір бағытын кеңінен талқылап, 6 қазан күні өтетін атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның маңызы кеңінен айтылды.

Бұдан кейін, Тараз қаласындағы №5 аумақ тұрғындарымен кездесуде штаб мүшелері осынау жауапты да күрделі мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Үгіт-насихат жұмысы барысында жұртшылыққа бұл бастаманың еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігіне, сондай-ақ отандық энергетика саласындағы стратегиялық мәніне баса мән берілетіні сөз болды. Штаб мүшелері АЭС салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға серпін беретінін алға тартты.

Сондай-ақ, бұл күні штаб мүшелері «Казфосфат» серіктестігі және Тараз қалалық №7 емхананың, Абай атындағы кітапханасының қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шара барысында атом электр станцияларының қажеттілігі қарапайым тілмен түсіндірілген олар АЭС салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға серпін беретінін алға тартты. Штаб мүшелері өз сөздерінде атом электр станцияларының қоршаған ортаға зияны жоқ екенін, керісінше, бұл жобаның экологиялық тұрғыда қауіпсіз екенін баса айтты. Ал, «Сенім» бастауыш партия ұйымының өкілдері және «Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері қатысқан жиында сайлаушылардың да ой-пікірі ескеріліп, олардың сұрақтарына толыққанды жауап берілді. Басқосу соңында елдің экономикасы мен әлеуетін көтерудегі маңызды шешімді қабылдауға біркісідей атсалысуы жөнінде нақты айтылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ