Жаңалықтар

Жол саласында 219 жоба іске асырылған

Ел экономикасының күретамыры саналған автожолдың сапалы болуы мен жолаушылардың тасымалын ұйымдастыру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйі және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы көлік саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да хабарлады. Басқосуда «Казавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Еркен Тайпақов республикалық маңызы бар «Меркі- Шу-Бурылбайтал», «Шу-Благовещенка» автожолдарының құрылыс барысы, жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары туралы есеп берді. Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев өңірде жөнделген 112 көшенің келісімшартында кепілдік мерзімі мүлде көрсетілмегенін, 88 көшеде бір жыл белгіленгенін атап өтіп, кемшіліктерге жол берген аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

Жиын қорытындысы бойынша облыс басшысы жауаптыларға күн тәртібінде көтерілген мәселелерді назарға алып, кемшіліктерді орындау бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК