Бейбіт күннің батырына құрмет
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бейбіт күннің батыры – мойынқұмдық Мәди Әлиевпен кездесіп, құрмет көрсетті.
Еске сала кетейік, 13 қыркүйек күні Шу ауданы аумағында екі көлік соқтығысып, жол апаты орын алған болатын. Мәди Әлиев жарылыс қаупіне қарамастан, өртеніп жатқан көлікке қарай ұмтылып, 5 адамды алып шыққан. Өкінішке қарай, оның ішіндегі 1 азаматша оқиға орнында мерт болса, қалған төртеуі аман. Бүгінде олар ауруханада ем алуда.
Ербол Қарашөкеев бейбіт күнде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен Мәди Әлиевке алғыс білдіріп, жамбылдықтардың атынан ризашылығын жеткізді.
Жауапты сәтте үрейге бой алдырмай, басын қатерге тіккен батырдың ұлы Жансұлтанға да сәттілік тіледі.
Әрине, жол қателікті кешірмейді. Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Ережені елемей, жүйткіген жүргізушілер көп. Салдарынан түрлі жазатайым оқиғалар орын алуда. Адамдардың өмірі қиылуда.
Сізге адам өміріне араша түскеніңіз үшін алғысым шексіз! Сіз Батыр деген атқа лайықсыз! – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Мәди Әлиев «Бурылбайтал» орман шаруашылығы мекемесінде орманшы болып жұмыс істейді. Бүгінде 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.