Жаңалықтар

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды

Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғаны белгілі. Бұл жетістікке Ұлттық құрама сапындағы жамбылдық спортшылардың да қосқан үлесі қомақты. Атап айтқанда, дүбірлі додаға әулиеаталық 17 спортшы қатысып 7 алтын, 7 күміс, 3 қола жүлде иеленді. Бұл – Астанаға аттанған 17 спортшымыздың бәрі де жүлдегер атанды деген сөз.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті. «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны маңызды жарыс. Ұлттық болмысымызды көрсетуге мүмкіндік беретіні бар. Сіздер тамаша жеңіске жеттіңіздер. Аса тартысты өткен көкпар ойынында да алтын салымды біздің жамбылдық жерлесіміздің салғаны–мақтаныш. Баршаңызды құттықтаймын! – деді Ербол Шырақпайұлы.

Облыс басшысы аталған ойында 56 килограмм салмақта қазақ күресінен жеңіс тұғырына көтеріліп, алтыннан алқа таққан Рауза Нұрмахамметоваға 1 миллион теңгелік сертификатты табыс етті. Осындай көлемдегі қаржысы бар сертификатқа көкпар спортынан чемпион атанған Есжан Құрманбай, Құрманбек Тұрғанбек, Құлажан Тоғайбаев, Ернат Мәлімбай, Елдос Асыл, Жарылқасын Ернар да ие болды.

Ал, кураш күресінен күміс жүлде алғандар: 60 килограмдағы Ернұр Сүлеймен, 66 килограмдағы Айбек Қазақбаев, 73 килограмм салмақтағы Нұрдін Шаймерден, түрік халқының ұлттық ойыны ашыртмалы аба гюрешинен күміс алғандар: 60 килограмм салмақтағы Ернұр Сүлеймен, 70 килограмм салмақтағы Әділет Ахметғали, қырғыз ойыны көкбөрүден ел құрамасы қатарында күміс медаль иеленген Ислам Рәт және Айнабек Бердіқұлов 700 мың теңгелік сертификатты иеленді. Сонымен қатар, өзбек ұлттық ойыны кураш күресінен 81 килограмм салмақта қола медаль алған Бекәділ Шәймерден мен Әділет Ахметғали, құсбегілік сайысынан қола медаль алған Бағдәулет Бабажан әрқайсысы 500 теңгелік сертификатқа қол жеткізді.

Мұнан соң көкпардан бірнеше дүркін Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы Нұрдәулет Момынов сөз сөйлеп: «Аймақтардың арасында алғашқы болып қабылдап, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында топ жарған спортшыларға көңіл бөліп жатырсыз. Қолдауыңыз үшін сізге рахмет. Алдағы уақытта да спортшылар сенімді ақтауға күш салады», – деді.

Басқосуды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қорытындылап, 2026 жылы Қырғызстан мемлекетінде өтетін 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты осы бастан бастау керегін айтып, сол жарыста бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ