Аудан тұрғындары баспаналы болды
Халықты сапалы тұрғын үймен қамту маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында жаңадан бой көтерген әл-Фараби шағынауданынан пайдалануға берілген алғашқы пәтер кілттерін иелеріне табыстады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Бұл жұмыстар аудандарда да жалғасын тауып, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, 240 пәтерлі 4 көпқабатты үй халық игілігіне берілді.
Салтанатты жиында Байзақ аудандық қоғамдық кеңе стің төрағасы Қыдыралы Оралов ақжарма тілегін арнап, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі, он баланың анасы Нағима Мәмбетова да қуанышымен бөлісті.
Қоныстанушыларды қуанышымен құттықтап, жаңа баспаналардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта Байзақ ауданында биыл 120 пәтер сатып алыну көзделген. Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы 10 баспана пайдалануға берілсе, биыл 15 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
Нұрболат АМАНБЕК
Байзақ ауданы