Әлеумет

Сақтар ас ішкен қола қазан

Музейлерде тұратын әр заттың өз ерекшелігі бар. Ол – сонысымен де құнды. Сондай көптің көңілін аударатын жәдігердің бірі – Меркі аудандық тарихи өлкетану музейінде сақталған қола қазан.

Қазіргі таңда археология залының ажарын кіргізіп тұрған қазан қайдан келді? Қола қазаннан хабары бар кісілердің көңілінде осы сұрақ тұратыны анық. Бұл ас пісіруге арналған затты 1987 жылы музей жаңа ғимаратқа көшірілген кезде Меркі ауылы, Жауғаш батыр көшесінің қарт тұрғыны өз шаруашылығында тауып алғанын айтып, осы жылы музейге өткізіпті. Өкініштісі сол, өткізген кісінің аты-жөні сақталмаған. Әйтеуір бұл ғажайып зат туралы кімнен дерек сұрарымызды білмедік. Білетініміз, бұл–ежелгі дәуірде өмір сүрген біздің ата-бабаларымыздың металлургияны қай дәреже мен деңгейде игергенін көрсететін құнды жәдігер. Музей қызметкерлері қазанды зерттеген. Ғалымдар қазан күрделі жолмен «жоғалған үлгі» әдісімен құйылғанын, қоладан қорытылып, сақ тайпаларының кезеңінен, яғни біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-VI ғасырларға жататындығын айтады. «Қола қазан – қымбат жәдігерлеріміздің бірі. Бір құлағына зақым келсе де, ерекше қадірлі. Келушілер де қазанның өзіне, тарихына ерекше қызығады», – дейді аталған музейдің бөлім жетекшісі Айман Жүрсіналиева

Қола қазан жартылай дөңгелек, астында конус пішінді тұғыры бар. Яғни, батырлар жорыққа аттанған уақытта ешқандай ошақты қажет етпей, жан- жағынан от жағып ас әзірлеген. Тасымалдау кезінде, қазанды көтеруге ыңғайлы болуы үшін ернеу тұсына сырт жағынан екі құлақ жасалған. Мысалы, жауынгерлер аттың үстінде отырып екі жағынан да көтеріп кете берген. Қазанға бір үлкен қойдың еті толық сияды. Қазіргі уақытта қазанның бір құлағы сынған екен. Қола қазан бүгінгі күні де, келер ұрпақ үшін де қастерлі.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы