Әлеумет

Құралай сұлу кесенесі

Талайғы тарихты қойнауына жиған Жамбыл жері лиро-эпостық жырларға да арқау болған. Оның бірден бір дәлелі Мойынқұм ауданы, Кіші Қамқалы ауылының маңында орналасқан Құралай сұлу мазары. XVIII ғасырдың аяғында салынған тарихи ескерткіш туралы аңыз ел аузында сақталып, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасына негіз болған.

Аңыз бойынша дүйім жұртқа әділдігімен құрметті болған қазақтың Монтай атты биі болыпты. Оның кесім-бітімінсіз ешқандай дау шешілмеген. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туады. Монтай бидің қуанышы бүкіл елдің қуанышына айналғанымен, бұл шаттық ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі жүдейді. Елі биді жұбатуға жиылғанда Монтай би бір жігіттен төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден жайлы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден бай да әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына барған биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған арманын Монтайға айтып, бір сырдың шетін шығарады.

Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, он үш жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп тұтқынға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, мейірімділігі мен ақылдылығы күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен еді. Тіпті, ел адамдары Құралай сұлуды қыз баласы-ау демей, онымен ақылдасып, кеңесетін болған. Жырда бұл жайында:

«...Сейқынның бір қызы бар жаннан асқан,

Жерде туып, көкте күнмен нұрын қосқан,

Хан түгіл, халқы сүйіп Құралайды,

Әрдайым, әйелсінбей ақылдасқан», – деп суреттеледі.

Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін босатуға әмір етеді. Бірақ, мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуін бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана босататындығын айтып, ант беруін талап етеді. Дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден қарсылық танытып, қалмаққа дос болмайтындығын, өлгенше күресетіндігін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны тағы да қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса, Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, он бес жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін құсамен өмір сүріп, шерменде халде дүние салғаны жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағанын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін ұнатқан жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай жандары байыз тауып, елдеріне аттанған Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескенген Құралайдың бұл қопаға түспеулерін шыр-пыр болып тілегеніне болмай, Келден сол жерде тынығып алуды ұйғарады.

Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр әлден соң сұлудың жанұшырар даусын естиді. Есі шығып, өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп, атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Қапияда мерт болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, кесене тұрғызады.

1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз- әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Осы поэма 1924, 1925, 1971 жылдары мемлекет тапсырысымен жеке кітап болып басылған.

1996 жылы кірпіштері құлап, бір қабырғасы ғана қалған кесене 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бастамасымен қайта қалпына келтірілген. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Сихаевтың жобасымен биіктігі 9 жарым метр болған кесене екі айда тұрғызылған. Осылайша, тарихи ескерткіш ана аманатына адалдық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің символикасы статусын сақтап қалған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Мойынқұм ауданы