Адал істің жемісін архивтен тапқан жан
Қазіргі таңда гендерлік саясат мәселесі көп айтылады. Қолынан іс келіп тұрса, нәзікжандыларды неге қолдамасқа? Осындай бойында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматшаның бірі – Қатира Уәлиева.
Оның әкесі – ұзақ жыл аудан басқарған жан. Бірақ, өз перзенттерін басшылық қызметке тартудан алыс жүріпті. Өз қабілеттері қай шамаға жетеді, сол істе із қалдырсын деген ұстанымды ұстанған. Сондықтан, Қатира Құрманғалиқызы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірсе де, білім саласындағы басшылық қызметтерге аса қызығушылық танытпаған. Дүкенші болды, кәсіппен айналысты. Өз күшімен өмір жолының бағыттарын іздеді. Аудандық ауруханада, банк саласында қызмет етті. «Ақтас» фирмасында логистикалық бөлімнің меңгерушісі болды.
2016 жылы Қордай аудандық мемлекеттік архивінің директоры Ғазиза Медеева зейнет жасқа жақындағандықтан, орнына лайықты басшы іздеді. Сол кезде таңдау Қатира Құрманғалиқызына түскен екен. Бұл ұсынысты сол кездегі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығы қолдаған. Сонымен, әуелі үш ай архивист болған Қатира Уәлиева мекеме басшылығында ауыс-түйіс болған кезде аудандық мемлекеттік архивтің директоры болып тағайындалыпты. Содан бергі 8 жыл ішінде өзінің іскерлігін дәлелдеп, абыройлы қызмет атқарады.
2021 жылы Қордай аудандық мәслихатының VІІ және VІІІ шақылымдарына депутат болып сайланды. Қатардағы депутат ғана емес, аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, жергілікті өзін өзі басқару, индустриялық-инновациялық дамыту, аймақты, көлікпен байланысты, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы. Сессияда да көтеріп жүрген мәселелері аз емес.
Халық қалаулысы әкесінің нақты үш ақылын естен шығармайды. Ол – кең пейіл, қарапайымдылық, ар-ұятты сақтау. Сонымен қатар, ана тіліміздің тазалығын сақтауды да қаперінде ұстап келеді. Қатира Құрманғалиқызы аудандағы әріптестерімен бірге архив ісін ілгерілетіп отыр. Бұл да гендерлік саясаттың бір жемісі.
Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы