Білім

Мектептердегі интернет жылдамдығы жақсаруда

Күн сайын жаңарған бүгінгі техника ғасыры жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мекемелердің жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылуын талап етіп отыр. Бұған, әсіресе онлайн сабақ режимі кезінде қажеттілік артқан болатын. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, биыл облысымыздың 53 мектебі «Starlink» желісіне қосылды.

Облыстағы 445 мектептің барлығын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін биыл 635887709 теңгеге келісімшарт жасалған. Соның ішінде 12 мектеп секундына 20 мегабитқа дейінгі, ал 433 мектеп секундына 20-150 мегабит жылдамдықта қосылған.

Облыстық Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаевтың айтуынша, бүгінде интернет жылдамдығы төмен 12 мектептегі бұл жағдайды көтеру үшін облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп техникалық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамымен 71,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Бүгінгі күні 53 мектептің барлығына құрылғылар орнатылып, интернет жылдамдығы секундына 150 мегабит жылдамдықпен қамтамасыз етілді. Мектептерге жеткізілген интернетті кабинеттерге, яғни мұғалімдердің жұмыс орнын интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Транстелеком» акционерлік қоғамы екі ай көлемінде жергілікті желілерді қалыпқа келтіру бойынша тегін зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 1 миллиард 412 миллион теңгенің қажеттігін анықтап берді, – дейді Сағадат Жұматұлы.

Мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын қадағалау мақсатында облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы, білім басқармасы және «Новые технологии – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған меморандум негізінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы 5 мектепте және Тараз қаласындағы 5 мектепте NetXMS платформасын пилоттық режимде қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА