Туа біткен жүрек ақауын емдеудің жаңа әдісі табылды
Облысымыздағы денсаулық сақтау саласынан қуана жеткізгіміз келетін жаңалық – туа біткен жүрек ақауын емдеудің жаңа әдісінің қолданылып, жақсы нәтиже бергені. Анығырақ айтсақ, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жүрек ауруларын хирургиялық емдеудің заманауи әдістері ойлап табылды.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне, туа біткен жүрек ақауларына қатысты жасалатын бұл тәсіл пациентті минималды жарақаттауға, хирургиялық емдеуден кейін тез қалпына келтіруге бағытталған. Ол – эндоваскулярлық (тамырлар арқылы), жамбас тамырлары арқылы, жүрек-өкпе айналымынсыз, жергілікті жансыздандырумен мүмкіндік берілетін бағыт. Оның барысында кішкентай құралдар (окклюдерлер, стенттер, спиральдар, цилиндрлер) терінің аз бөлігінің тесілуі арқылы үлкен тамырлар жүрекке тікелей еніп, ақауды жоюға ықпал етеді. Тұрар Рысқұлов ауданының 19 жастағы тұрғынында туа біткен жүрек ақауы болғандықтан, көп ауырған. Соңғы кездері қатты мазасызданған ол дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының басшысы Сейітхан Жошыбаевтың бақылауымен Microport Dmpp заманауи онклюдерін орнату бойынша ота сәтті орындалған. Науқастың жағдайы жақсарып, жүрек соғысы қалпына келді. Туғанынан өзін мазалаған ауруынан құтылғанына қуанған ол дәрігерлерге алғысын жаудырды.
Жамбылдық дәрігерлердің үлкен ізденісімен бүгінде облыс тұрғындары жүрек ақаулары үшін республикалық орталықтарға немесе басқа да алыс аймақтарға бармай-ақ, өз өңірінде ем алып жүр. Халықтың өз облысымызда сапалы және тиімді медициналық көмекке қол жеткізе алатыны – үлкен жетістік.
Қамар ҚАРАСАЕВА