Әлеумет

Бал арасы – табиғат сыйы

Қордайлықтарды тау іргесінде орналасқан Керу ауылында өндірілетін азық-түліктің, ет-сүт пен қымыздың сапасы мен дәмі қызықтырып келеді. Мұнда одан бөлек дәмі тіл үйіретін табиғи таза бал өндіріледі. Көк құрағы келіскен, көздің жауын алатын сан түрлі гүлдерден шырын жинаған бал арасын күтіп, омарташылықты ата кәсіп еткен жандар Керуде жеткілікті.

Бір шай қасық бал жинау үшін бір ара ұядан шамамен 2000 рет ұшып шығады екен. Бұл жәндіктің еңбекқорлығына таң қаласың. Алайда, соларды күтіп-ұстайтын, жағдайын жасап, керегімен қамтамасыз ететін омарташылардың иығына жүктелген міндеттер де аз емес. Таңертеңгі сағат бестен тұрып, күні бойы омартада қызу еңбек тоқтамайды.

Керу ауылының тұрғындары Орынбасар Қоқанбаев пен Құлжамал Үстемірова 40 жылдан астам өмірін осы ара шаруашылығына арнаған ерлі-зайыптылар. Олардың бұл кәсібі жастық шақтан басталған екен. Бастапқыда тек бірнеше ара ұялары болды, бірақ жыл сайын олардың тәжірибесі артып, ара тұқымдасы да өсті. Ата кәсіп демекші, бұл істі 70-ші жылдары «Чапаев» колхозында Орынбасардың әкесі Сағади Қоқанбаев бастаған екен.

Олар өмірдегі небір қиын кезеңдерде ата кәсіпті тастамай, өз ісіне деген сенімін жоғалтпады. Әрине, көпбалалы отбасы болу оңай емес. Бала-шағаға қарайласуды да ұмытпау қажет. Бүгінгі таңда, заңгер мамандығы бойынша білім алған ұлы Қамбар ата-анасына үнемі қолғабыс етуде.

Орынбасар мен Құлжамалды тәжірибелі омарташылар деп үлкен сеніммен айтуға болады. Олардың ендігі арманы осы кәсіпті өз балаларына табыстау.

 

Мадина УЗБЕКОВА,

журналист.

Қордай ауданы