Әлеумет

Жол сапасы жақсарып келеді

Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйелі енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады» деп күнделікті тіршіліктің күретамырына айналған жолдардың күрделі мәселелерін де атап өтті. Бүгінде аймақтағы жолдардың мәселесі оң шешімін тауып, сапасы да артып келеді.

Облыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі бүгінде 10084 шақырымды құрайды. Оның 6041 шақырымы жақсы, 2519 шақырымы қанағаттанарлық, 1524 шақырымы нашар жағдайда. Бүгінгі таңда 357 жобаның шеңберінде 690,5 шақырым жол жөндеуден өткізілуде. Оның 671 шақырымы орта жөндеу, бір көпір мен 16,5 шақырым көше жолы бар, ал 3 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланған. «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба іске асырылуда. Осы жобалардың аясында 164,2 шақырым жол жөнделеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99 пайызға жеткізу межеленген.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту» мен «Моноқалаларды дамыту» бағдарламары аясында және аудандық, қалалық бюджеттердің есебінен – 323 жоба жүзеге асырылуда. Яғни, осы жобалардың аясында жалпы ұзындығы 526,3 шақырым жол жөнделетін болады. Нәтижесінде, елді мекен көшелері бойынша көрсеткіш 87 пайызға жеткізілмек. «2025 жылдың жоспарына келетін болсақ, 189,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды, 150 шақырым елді мекен көшелерін орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалау «Жол активтерінің Сапа орталығымен» келісім-шарт негізінде жүргізіледі. Мерзім ішінде сапа орталығымен 840 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2642 сынама алынды. Нәтижесінде, 263 (республика – 233; жергілікті – 30) ескертулер беріліп, жұмыс тәртібінде жою жөнінде шаралар қабылданды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1194 шақырымды құрайды.

2020-2025 жылдың жоспарына сәйкес, қайта жаңарту жұмыстары 473 шақырымды құрап, олар «Меркі-Бурылбайтал» – 266, «Балқаш-Бурылбайтал» – 145, «Күрті-Бурылбайтал» – 62 шақырым жобаларында жүргізілуде. Күрделі жөндеу 68,4 шақырымды құрайды, атап айтсақ – «Шу-Қайнар» – 56, Ескі «Күйік» асуы – 12,4 шақырым. Аталған жобалар толық іске асырылып, пайдалануға берілген соң, республикалық жолдар бойынша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 97,3 пайызға жеткізу жоспарлануда, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды 2024 жылғы қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 312,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл жұмыстарды атқаруға 23 мердігерлік ұйымдар тартылып, 189 бірлік арнайы қыстық техникалар мен жабдықтарды жұмылдыру, сондай-ақ 12 000 тонна тайғақтыққа қарсы материалдарды әзірлеу жоспарлануда.

Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау саласында биыл 121 құрылыс объектілеріне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 71 нұсқама беріліп, 170 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 105 тапсырыс беруші, 31 мердігер мекеме, 5 жобалаушы,17 техникалық қадағалаушы және 12 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл соммасы 38,9 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, 7 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынумен қатар, қолданыстағы сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Ал құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген екі мердігер мекеме Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.

Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің ұсынымдарына сәйкес аудандардағы құрылыс нысандарына, жалпы 145 профилактикалық мониторинг жұмыстары жүргізген. Облыс аумағында құрылысы тоқтап тұрған 51 сақалды құрылыс нысаны болған. Бүгінгі күнге 24 нысан пайдалануға берілді. Тараз қаласында 21 нысан қалды; 4 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде; 8 нысанның құрылысы жүріп жатыр; 5 нысан қаражатқа байланысты тоқтап тұр; 4 нысан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінде жерін қайтару бойынша қаралуда. Ал, аудандарда 6 нысан қаржы жетіспеуіне байланысты тоқтап тұр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ