Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері туралы семинар-тренинг өткізілуде
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығымен 2024 жылдың 6 қазанына республикалық референдумды өткізу тағайындалуына орай, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен аудандарда ағымдағы жылдың 9-23 қыркүйек күндері аралығында аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өткізілуде.
2024 жылғы 9 қыркүйекте Тараз қаласында, 10 қыркүйекте Меркі ауданы, 11 қыркүйекте Қордай ауданы, 12 қыркүйекте Т. Рысқұлов ауданы, 13 қыркүйек күні Байзақ ауданында «Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері» тақырыбында облыстық аумақтық референдум комиссиясының оқыту семинары болып өтті. Семинар-тренингке аумақтық референдум комиссиясының мүшелері мен учаскелік референдум комиссияларының толық құрамы, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның референдум процесіне қатысты өкілдері, тиісті бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған оқыту семинары мәдениет үйлерінде өтті.
Семинар-тренингтің мақсаты – республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтар туралы, сайлау заңнамасының негіздерін және оны сайлау процесінде қолдану практикасын түсіндіру және референдумды ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттерінің деңгейін арттыру болып табылады.
ддОқу-семинарының жоспарына сәйкес, облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов республикалық референдумды өткiзудiң принциптерiне тоқталып, дәріс оқыды. Сонымен қатар, облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері саяси науқанды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі жұмыстар мен дауыс беру күні жөнінде дәрістер оқыды.
Оқыту барысында учаскелік референдум комиссияларының мүшелері дәріскерлерге сайлау науқанында орын алатын жағдайлар бойынша бірқатар сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар, семинар-тренингте учаскелік референдум комиссиялары мүшелерімен кейстік тапсырмалар талқыланды.
Учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінен оқытуға кіргенде және оқытудың қорытындысы бойынша тест алынып, сертификаттар табысталды.
ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ М. ЕРМАННЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДЫ ӘЗІРЛЕУ МЕН ӨТКІЗУДІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ
2024 жылғы 13 қыркүйекте ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы Жамбыл облысының аумақтық референдум комиссияларының республикалық референдумды өткізуге дайындық барысымен танысу үшін Тараз қаласына келіп, мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.
Аталған кездесуде өңірдегі референдум учаскелерінің жарақтандырылуы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға жағдайлар жасау туралы, сайлаушылар тізімі, халықаралық байқаушылармен жұмыс және тағы басқа ұйымдастыру жұмыстары пысықталып, мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына референдумды заң талаптарына сәйкес өткізу тапсырылды.
Сондай-ақ, ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы
М.Ерман республика бойынша тұтас алғанда республикалық референдумды өткізу бойынша атқарылып жатқан ұйымдастырушылық жұмыстар жөнінде және Жамбыл облысы бойынша референдумды әзірлеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығы жөнінде айтып өтті.
Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу кезеңінде сайлаушыларға барынша қолжетімділік жасау мақсатында, онлайн-сервистердің жұмысына баса назар аудару қажет екендігі және референдум учаскелерінде шағын халыққа қызмет көрсету орталықтарын орналастыру мәселесін қарастыру туралы айтылды.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ
БАС ЕСЕПШІЛЕРМЕН ЖИЫН ӨТТІ
2024 жылғы 12 қыркүйекте Тараз қаласында Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының облыс, қала және аудан әкімі аппараттарының бас есепшілерімен отырысы өтті. Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен жиынның күн тәрітібінде 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу кезеңінде барлық деңгейдегі референдум комиссияларын қаржыландыру тәртібі қаралды.
Отырыста облыс әкімі аппаратының бас есепшісі Г. Дәуренова саяси науқан барысында комиссия мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу тәртібін түсіндірді.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов ҚР Орталық референдум комиссиясының бекіткен коэффициенттерін негізге ала отырып, республикалық референдумды қаржыландыру жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек екенін тапсырды.
Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясы.