Ұлы даланы дүбірлеткен дода
8-13 қыркүйек күндері елордада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында апта бойы 21 спорт түрінен сайыстар өтіп, «Көшпенділер әлемі» этноауылында мәдени шаралар, ғылыми бағдарлама шеңберінде «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысып, 1600 ерікті атсалысты.
Алты күн аламанда жүзден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме мен ақындар айтысын өткізді. Белгілі фотожурналист Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия құрды. Сондай-ақ, UNESCO, UNICEF, Alageum киіз үйлері тігілді. 21 спорт түрі қамтылған дода алты күн бойы «Қазанат» ипподромы, «Арғымақ» спорт алаңы, «Көшпенділер әлемі» этноауылы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе- жек сарайы, «Алау» мұз сарайы секілді алты түрлі нысанда өтті. Жарыс басталардан бұрын ұйымдастыру дирекциясы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша ойын барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде. Екінші орынды 65 медальмен Қырғызстан ойыншылары еншілесе, үшінші орынға 49 медальмен ресейліктер тұрақтады. Қатысушылар саны бойынша да көршілес елдер көш бастады. Еске сала кетсек, көшпенділер ойындарына елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144 спортшы қатысты. Ұлттық спорт түрлері бойынша әлемдегі ең ірі жарыс түрі саналған байрақты бәсекенің маңызы туралы ашылу салтанатында Мемлекет басшысы атап өткен болатын.
Төрткүл дүниені тамсандырған көшпенділер ойындарының жабылу салтанатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Туризм және спорт министрі байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
Айта кетейік, келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсық келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді.
Нұрболат АМАНБЕК