Спорт және туризм

Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды

Күні кеше елордада Ұлы даланың ұлылығы, ежелгі дәстүрлердің байлығы мен көшпелі мәдениеттің мәңгілік рухы салтанат құрған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушы келген додада ұлттық құндылықтарды таныту мақсатында «Көшпенділер Әлемі» атауымен этноауыл өз жұмысын бастаған болатын. Онда әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпенді халықтардың өзіндік мәдениетімен таныса алады. Айтулы мәдени іс-шараға облысымыздан 120-дан астам мәдениет қызметкері аттанған болатын.

Жарыстың алғашқы күнінде А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы «Бірлік Керуені» атты театрландырылған қойылымға қатысты.

Театр ұжымы салт-дәстүрлерді насихаттауға негізделген театрландырылған көрініспен көпшілікті қуантса, К.Әзірбаев атындағы филармония әншілері Астана аспанын ән-күйге бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Іс-шара барысында әулиеаталық ақсақалдар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бақ сынайтын жамбылдық спортшыларға ақ батасын берді. Сондай-ақ, қазақ күресінен үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев та спортшыларға ізгі тілегін білдіріп, айтулы аламанда сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аталған жоба бұған дейін еліміздің барлық аймағында іске асырылды. Қордай ауданының Ноғайбай ауылында, Ырғайты өзенінің жағалауында өткен «Бірлік керуені» аясында ұлттық нақыштармен жасалған этноауыл құрылып, 6 киіз үй тігілді. Атап өтерлігі, мұндағы әр киіз үй өзіндік ерекшелігімен тақырыбына сай безендірілді. Этноауылда қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі, тарихи жәдігерлер көрмесі, ауданнан шыққан танымал тұлғалардың кітап көрмесі, ұлттық ойындар, көшпелі жабдықтар көрмесі өтті. Сонымен қатар, ел-жұрт қазақ күресі, аударыспақ, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан өзара кім мықтыны анықтады. Этноауылдың құтты қонақтары ұлттық тағамдар фестивалінде дәм татса, меймандар үшін сахна алаңында қазақтың ұлттық әндері мен билерінен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жамбыл жері – тарихымыздың темірқазығы саналған қазыналы мекен. Мұны өңірімізден табылған тарихи орындар мен жауһар жәдігерлеріміз айшықтай түседі. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында этноауылда тарихи жәдігерлеріміз қонақтар көзайымына айналды. Арнайы ұйымдастырылған жылжымалы көрме аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе отырып, Тараз қаласынан құнды әрі бірегей жәдігерлерді таныстырды. Көрмеге XVIII-XIX ғасырлардағы қолөнер және зергерлік өнер ұсталарының қолынан шыққан, сол ғасырлардың куәсі болған, тарихы бай, ата-бабаларымыздан қалған түпнұсқа мұралар ұлттық нақыштағы ағаштан, теріден жасалған тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, тоқыма бұйымдар, әскери өнерде, сондай-ақ саятшылықта пайдаланылатын қару-жарақ түрлері, аңшылық құралдары, қазақ ұсталары мен зергерлері дайындаған күмістен жасалған зергерлік бұйымдары және музей қорындағы құнды әрі бірегей этнографиялық жәдігерлер қойылды. Жамбылдықтардың киіз үйіне шетелдіктермен қоса Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова арнайы бас сұғып, көрмелерді тамашалады. Сондай-ақ, дзюдодан Париж паралимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Ақмарал Науатбек өз ойымен бөлісті.

Осы күні этноауылда «Тараз» триосы» қонақтарға ән-шашу арнап, шетелдіктерді билетсе, жас ақын Нұрлыбек Құрманов қостанайлық Тоба Өтепбаевпен сынға түсіп, тартысты айтыстың өрнегін көрсетті. Бұдан соң концерттік бағдарлама өңір өнерпаздарының шеруіне ұласты.

Кеш соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Әулиеатадан арайлы Астанаға» атты концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Астаналықтар мен қала қонақтарын тәнті еткен мерекелік іс-шара барысында Құрмаш Маханов пен Досымжан Таңатаров секілді эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында облыстың 17 спортшысы өнер көрсетті. Олар көкпар, көкбори, жамбы ату, құсбегілік, қазақ күресі, құраш (өзбек күресі), ашырталы аба гүреши (түрік күресі), белбеу секілді сегіз спорт түрінен бақ сынады. Жарыстың алғашқы күнінде жамбылдық спортшылар 1 алтын және 1 қола жүлдеге ие болды.

Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен ел намысын қорғаған жамбылдық спортшы Рауза Нұрмұхамедова 56 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесуде ресейлік қарсыласы Алена Фатиховадан басым түсті. Ол бұған дейін күрес шебері Әлем және Азия чемпионы, сондай-ақ, Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанған болатын. Сондай-ақ, дүбірлі додада кураш спорт түрінен жамбылдық палуан Бекәділ Шәймерденов 81 келі салмақта белдесіп, қола жүлдені еншіледі. Ол спорттық жолында Әлем чемпионаты мен Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болған. Сонымен бірге осы спорт түрінен 60 келіде Ернұр Сүлеймен, 66 келі салмақта белдескен Айбек Қазақбаев және 73 келіде боз кілемге көтерілген Нұрдін Шаймерден сынды әулиеаталық спортшылар ақтық сында қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Дәл осы 73 келіде Әділет Ахметғали да жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді. Түрік халқының ұлттық ойындарының бірі – ашыртмалы аба гюрешинен жамбылдық екі спортшымыз финалға жолдама алып, алтын жүлдені сарапқа салған болатын. Өкінішке қарай, финалдық бәсекеде палуандарымыз қарсыластарына есе жіберіп, 60 келі салмақтағы Ернұр Сүлеймен мен 70 келі салмақта белдескен Әділет Ахметғали күміс жүлдеге ие болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашыртмалы аба гюрешинен 19 мемлекеттен 74 спортшы бағын сынаған болатын. Сонымен бірге облысымыздан құсбегілік өнер бойынша қатысқан ересектер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Бақдаулет Бабажан ителгі құсы сайысында қола жүлдені қоржынға салды.

Ал, дүбірлі доданың басты бәсекесі саналған көкпардан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалында ұлттық құрама Қырғыз командасымен кездесіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Бұл спорт түрінен ұлттық құрама сапында ел намысын әулиеатаның Есжан Құрманбай, Құрманбек Тұрғанбек, Құлажан Тоғайбаев, Ернат Мәлімбай, Елдос Асыл сынды спортшыларымыз қорғап, алғашқы салымды Ернат Мәлімбай еншіледі. Десе де бірінші таймда 1:3 есебімен Қырғыз құрамасы алға шықты. Есеп екінші таймда ғана теңесіп, 4:4 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін «алтын салым» салуға 10 минут уақыт беріліп, шешуші салымды әулиеаталық Құрманбек Тұрғанбек салды. Тартысқа толы бәсеке 5:4 есебімен аяқталып, қазақстандық көкпаршылар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.

«Қазанат» ипподромында өткен көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің, атап айтқанда Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия құрамалары қатысып, 104 спортшы сынға түскен болатын. Осылайша ел құрамасы айтулы аламанда әзірге жалпы есепте 86 медальмен көш бастап тұр. Спортшыларымыз енді теңге ілудің жеті құт сайысынан, құсбегіліктің бүркіт салу бағыты мен қырғыздың ұлттық ойыны ордодан, түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан ақтық сайыстарда бақ сынап, бәйге түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады.

 

Нұрболат АМАНБЕК