Әлеумет

Көше атауына байыппен қарау керек

Көше атауына байыппен қарау керек

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы жылқы жылындағы атқарылған жұмыстарын түйіндеп, қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі Асаубай Майлыбаев және бірқатар басшылар қатысты.

Басқарма басшысы Үртай Сапақова жыл ішінде басқарма тарапынан атқарылған жұмысты талдап, алдағы уақытта атқарылар тірліктерге тоқталды. — Мемлекеттік тілдің мерейін көтеру аясында көптеген іс-шара өткіздік. 2 дөңгелек үстел, 14 облыстық байқау мен олимпиада, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасындағы сайыс. Басқарма дәстүрлі іс-шаралардан бөлек жаңа бағыттағы шараларды, тың бастамаларды қолға алды. «ҚазТест» байқау сынағы ұйымдастырылды. Тұңғыш рет ұлттық тәрбие арқылы келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен туған тілдің құдіретін ұғындыру мақсатында «Әженің сөзі – тәрбие көзі» атты әжелер байқауы, қазақтың қара өлеңінде өзіндік өрнегімен орын алған жерлес ақын Нарша Қашағанұлының шығармаларын насихаттау мақсатында «Нарша әлемі» мүшәйрасын өткіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады, – деді Үртай Сапақова өз сөзінде. Сондай-ақ, баяндамашы: «Көше атауларына ұсыныс жасағандардың кейбірі өз мүдделеріне орай кісі атын сұрайды. Бұл дұрыс емес», – деді. Осы тұста облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы көше аттарына қатысты өз ойын айтты. «Бүгінде ақшалы кей азаматтар көше атын әкесіне, болмаса досына әпергісі келеді. Бәлкім, ол өз ортасына танымал кісі болар, бірақ тұтас ұлтқа тұлға емес қой. Осы мәселеде байқау керек. Болмаса коммерциялық жоба жасап, үш жылға берейік. Бұл – ұят тірлік», деді өз ойын түйіндеп. Мұнан соң «Мемлекеттік тілді оқыту» орталығының директоры Күлшат Қожатаева орталықтың атқарылған жұмысын тарқатып айтты. Басқосуда Тараз қаласындағы көше аттарын реттеуде де қордаланған мәселелер бар екені айтылды. Ол жайлы облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев баяндады. Ономастика мәселесіне қатысты өз ойын ортаға салып, идеологиялық мағынасы ескірген атауларды өзгерткілері келсе, жергілікті тұрғындар өздері ұсыныс жасауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, жиында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміт Найманова өз ойын ортаға салды. Дүнген ұлтының өкілі Рашид Бакиров қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдірді. Республикалық «Абай оқулары» байқауының І орын иегері Марина Устинова Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін оқыды. Есепті жиын соңында Е. Манжуов ономастикаға қатысты айтылған сыннан қорытынды шығару керектігін қадап айтты. Ономастика – Елбасымыз айтқандай, аса байыптылықты, терең зерттеуді қажет ететін сала. Бағзы бабаларымыз жер-су атауларына аса талғампаздықпен, жергілікті табиғаттың сыры мен сымбатына қарап, атау бергені мәлім. Мысалы: Ұлытау, Қаратау, Үш қоңыр. Ата-бабамыз география атауларын Жошы, Абылайхан, Кенесары, Исатай, Құнанбай деп неге өзгертпеген? Англияда Шекспирдің, Францияда Бальзактың, Америкада Хемингуэйдің атында елді мекен бар ма? Жоқ. Демек, ат жарыстырып, ата салыстыратын заман өткенін түйсінер кез келді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».