Ауқымды мақсат алға жетелейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, тыңдау мәртебесіне облыстан ие болған жанның бірімін. Бұл менің өмірімдегі ең керемет сәтім деп білемін.
Президент халқына арнаған Жолдауында елдің игілігіне жұмыс істейтін өміршең дүниелерді айтып, бағыт-бағдар берді. Мәселен, Президент Жолдауда банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табу керек деп атап айтты. Одан кейін АЭС құрылысы бойынша Ұлттық референдумды 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді.
Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат деген сөзі көп адамға бір тамаша ой салғаны анық. Әрі осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізі қаланатынын жеткізді. «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Қазақстанның да экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», деді Президент.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет екендігін жалпы халыққа Жолдауына қосып атап өткенін өз басым ерекше қабылдадым. Себебі «Таза Қазақстан» акциясы барысында Тараз қаласындағы аллеялар мен саябақтар, шағынаудандар мен тоғандардың айналасы абаттандырылып, сәні кіріп қалды. Оған өзімнің де үлес қосқаныма Үкімет үйінде отырып еңсем көтеріліп, марқайып қалдым. Қазіргі таңда облысымызда «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын тауып жатыр.
Ринат АҚӘДІЛ,
облыстық «Qamqor» волонтерлік тобының жетекшісі.