Әлеумет

Отар әскери базасы – отансүйгіштіктің мектебі

Қуатты әскер – мемлекетіміздің тыныштығының кепілі. Қарулы күш құрылымдарының қауқарлы болғаны қандай жақсы. Мемлекет басшысы жақында жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Қарулы Күштердің жағдайына да аса көңіл аударды. Президент Жолдауында: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында ең алдымен темірдей тәртіп болуы тиіс. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады» деп атап көрсеткен болатын.

Қазақстанның Қарулы күштеріне үлес қосып отырған әскери бөлімдер біздің өңірде де бар. Оның ішінде Қордай ауданының Отар ауылдық округі аумағындағы Отар әскери базасында Гвардейск гарнизоны орналасқан. Гарнизон бастығы, полковник – Ержан Мейірманов. Мұнда екі мыңнан аса сарбаз Отан қорғау жолында жүр. Гарнизонда танк бригадасы, артиллериялық бригада, әскери база, инженерлік саперлік полк бар. Сонымен қатар, Құрлық әскерилерінің қарамағындағы кіші мамандар даярлайтын Қарасай батыр атындағы «Оқу орталығы» кешені бар.

Гвардейск гарнизонында халықаралық деңгейде оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде өтіп тұрады. Оған Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғыз және басқа елдерден сардарлар мен сарбаздар келіп қатысып тұрады. Себебі, гарнизонның базасы халықаралық деңгейдегі оқу- жаттығу жиынын өткізуге сай. Әскерилерге қажетті құрылымдармен, асханамен, жатын орындарымен, қажетті алаңдар мен ғимараттармен қамтылған.

Әскери гарнизонның Қордай ауданында орналасуы ондағы тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, жас жігіттердің әскери қызметші ретінде жұмыспен қамтылуына оң әсерін беріп отыр. Мұнда барлық сарбазға ортақ мәселе бар. Ол – тәртіп. Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының мақтанышы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деді. Мұнда да әскери қызметтің өз деңгейінде болуы қатаң қадағалауға алынған. Тәртіптің қатал талабын түсінгендер бұзықшылыққа, заңға сәйкес келмейтін іс-әрекетке бармауға тырысады. Тәртіп бар жерде талап, нақты іс, оң нәтиже бар. Мұндағы сарбаздар күн сайын жауапкершілікті сезінеді. Бәрі де отансүйгіш қасиеттерге ие. Өздерінің әскери қызмет арқылы Отан қорғау жұмысына үлес қосып жүргенін түсінеді. Әскердің ауыр тәртібіне бағыну, жаттығу кездерінде белсенді болу – әр сарбаздың міндеті. Мұндағы әр әскердің қауіпсіздігі қаралған. Біреуді біреудің басынуына жол жоқ. Әлеуметтік желіде басқа әскери бөлімдерден естіліп қалып жатқан әлімжеттік жағдайы бұл жерде жоқ екеніне көзіміз жетті. Керісінше, бұл гарнизонда белсенді Отан қорғаушыларды бағалау бар. Өз ісінде үздік нәтиже көрсеткен сардарлар мен сарбаздар Қорғаныс министрлігі және өзге де тараптардан марапатталып тұрады. Біз жалпы, мұндағы әскери қызмет жөнінде сарбаздардың да пікірін білдік. Мәселен, қатардағы жауынгер Тілеген Сәрсенбаев осы Әулиеатаның тумасы. Ол: «Гвардейск гарнизонында әскери борышымды өтеуге былтыр күз айында келгенмін. Алдағы айда бір жылдық Отан алдындағы борышымды сәтті аяқтап, үйіме қайтамын. Отардағы әскери борышым сәтті өтті. Мұнда тәртіп пен тәрбие жақсы. Әскери қызмет барынша мазмұнды, әсерлі болды. Бір жылымыз бір ай секілді жылдам өте шықты. Көп тәрбие алдық, әскери салаға бейімделдік. Көптеген отаншыл жігіттермен дос болдық. Түрлі оқу-жаттығуларына қатыстық. Бір жыл ішінде ата-анамызды, бауырларды, достарды сағынғанымыз рас. Бірақ, мұндағы достарымызды, командирлерімізді қиып кету қиынға соғайын деп тұр. Мұндағы әскери қызметтің сапасы жақсы. Еліміздің кейбір жерлерінде айтылып жатқан дөрекіліктер мен әлімжеттік бұл жерде жоқ деп айта аламын. Мен өзім ондай өрескел, жөнсіз жағдайды кездестірген жоқпын. Мұнда әркім өз істеріне жауапты», – деді.

Ал әскери гарнизон орналасқан Отар ауылдық округінің әкімі Дидар Есімов: «Мұндай үлкен әскери гарнизонның біздің ауылдық округ аумағында орналасуы округ тұрғындарына да тиімді. Кейбір кезде тұрғындар гарнизоннан уақытша болса да жұмыс тауып жатады. Ал, оқушылар әскери адамдарды күн сайын көріп, сарбаздармен сөйлесіп, патриот болып өсіп келеді. Біздің ауылдың мектебінде оқыған балалардан келешекте Отанын сүйетін ел жанашырлары шығады деп ойлаймын», – деді.

ЖАУЫНГЕР БОЛУ – ЖҮРЕКТЕН

Біз әскерлермен жан-жақты пікірлесіп, қызметке келу мақсаттарын, әскери өмірдегі маңызды сәттер туралы сұрадық. Солардың бірі – подполковник Жанат Қуанышев. Ол өзінің жүріп өткен жолы жайлы: «Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында өмірге келдім. 2005 жылы орта мектепті бітіріп, құрлық әскерлерінің әскери институтына түсіп, 2009 жылы бітіріп шықтым. Одан соң Аягөз қаласындағы №10810 әскери бөлімінің танкі взвод командирі болып тағайындалдым. 2013 жылы Ресей елінде Танк биатлоны халықаралық әскери жарыс өткізілді. Сол жарысқа Қазақстан құрамасының сапында қатыстым. Қазақстан танкішілер құрамасы екінші жүлдеге қол жеткіздік. Осы 2013 жылы мені № 32112 әскери бөліміне рота командирі етіп тағайындады. Бұл сарбаздарды атыс қаруын қолдануға үйрететін рота. 2016 жылы № 21450 әскери бөлімі Гвардейск гарнизонында штаб батальон командирі болып тағайындалдым. 2018 жылы аталған әскери бөлімде екінші танк батальон командирі болып бекітілдім. 2019 жылы Сарыөзек гарнизонының №12740 әскери бөліміне танк батальон командирі лауазымына тағайындалдым. 2022 жылға дейін сол жерде қызмет атқардым. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс университетіне магистрант болып қабылдандым. 2024 жылы аталған университеттің магистратурасын бітіріп, Гвардейск гарнизонында №21450 әскери бөлім командирінің жауынгерлік дайындық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызметке жіберілдім. Менің міндетім – бригаданың жеке құрамын жауынгерлік және тактикалық іс-тәжірибеге үйрету. Тәсілдерді ұрыс кезінде дұрыс пайдалана білуге үйретемін. Оның барлығы менің басты жұмысым. Осы кезге дейін тәжірибе жинап, еліміздің Қорғаныс саласында қызмет етіп жүргенімді мақтаныш санаймын. Мемлекетімнің әскери саласының нығаюына қолымнан келгенше қызмет ете беремін», – деді.

Біз капитан шеніндегі Ағыбай Алпамысты да сөзге тарттық. Ол: «Бала күнімізде өзімнің ағаларым, көрші жігіттер әскерді бітіріп келіп жататын. Олардың әскери киімдері, таққан медальдары қызықтыратын. Содан мектеп оқушысы кезімнен әскери адам боламын деп армандадым. Солтүстік Қазақстан облысы, Есім ауданы, Ақтас ауылындағы орта мектепті осындай арманмен бітірдік. Сол жылы әскери институтқа командалық тактикалық танк әскерлері мамандығына оқуға түсіп, 2019 жылы бітіріп шықтым. Содан бері Қордай ауданындағы Гвардейск гарнизонында №21450 әскери бөлімінде қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда штаб бастығы – батальон командирінің орынбасары лауазымындамын. Өзім ішінде жүрген азамат ретінде әскери өмірді қиын деп айта алмаймын. Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы, міндеті деп білемін. Отбасында жұбайым екеуміз бір пер зент тәрбиелеп отырмыз. Әскери ганизон басшылығы қызметтік үймен қамтыды. Отанға қызмет етуге қашанда дайынмын» деді.

Міне, Гвардейск гарнизонында осындай жас та, отаншыл сарбаздар еңбек етіп жатыр. Қай кезде де мұндай рухы мықты, қайсар жігіттер елдің мерейін өсіреді. Оған дауымыз жоқ. Ендеше, Алпамыс батырдай екпіні бар Ағыбай Алпамыстың ертеңінен зор үміт күтеміз. Қазақстан Қарулы күштерінің жарқын болашағы осындай жастар екені анық.

НӘЗІК ИЫҚТАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ

Отар әскери базасында орналасқан Гвардейск гарнизонының бір мақтанышы – запастағы әскери майор Сандуғаш Наханова. Оның әскери саладағы еңбек өтілі 25 жылдан асады. Ол әлі күнге дейін өзінің жүрек қалауымен Қарулы күштер саласында еңбек етеді.

Сандуғаш Бердіғалиқызы бала күнінен әскери болуды армандапты. Балалық шақта армандар өте көп болады, уақыт өте ауысып та тұрады. Бірде ұшқыш, ғалым, батыр, сот, мұғалім, дәрігер бәрін де армандайсың. Бірақ, Сандуғаштың балакүнгі арманы Отан қорғау саласымен байланысты болғаны шынымен таңқаларлық жағдай. Өзіңіз ойлаңызшы, ер бала емес, нәзік жанды қыз бола тұра әскери адам болуға бекінген. Мүмкін, арғы жағынан өзінің мақсатына деген керемет құштарлық жетелеп тұрды ма екен?

Бұл күнде Қарулы күштер саласының мақтанышына айналған Сандуғаш Наханованың бала күндері Байзақ ауданының Ақәділ Суханбаев атындағы ауылында өтеді. Алты айлығында анасы өмірден озса, әкесінен де жастай қалып, нағашыларында тәрбие алған. Бәлкім, тағдырдың сынағына жастай ілігіп, ширап, шынығып өскен соң да, әскери адам болуға ұмтылған шығар. Сол А.Суханбаев ауылында орта мектепті бітірген соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне түсіп, жоғары білім алды. Әскери кафедрадан да қосымша білім алды. Осы университетті бітірген соң, әскери салаға қызметке кетті. Табан аудармай 20 жыл әскери салада қызмет етті. Отар әскери гарнизонында сардарлар сапында болып, өзін үнемі жақсы қырынан танытты. Осылайша, Сандуғаштың бала кездегі арманы орындалды деп айтуымызға болады.

Әскери қызметте сарбаз болды деп айта салу оңай. Бірақ, әскердің бір күнгі өміріне куә болған адамдар жағдайды толық түсініп, сарбаздардың төзімділігін мойындайтын еді. Әскери адамдардың айлап полигонда жүруі, оқу-жаттығу жиындарын өткізуі қайдан оңай болсын. Тау-тастың ішіндегі жаттығу кездері, қаруды атуға дайындау кезіндегі сәттер өте күрделі. Бұл жағдай өте ауқымды дайындықты талап етеді. Осындай сынақтардың барлығынан өткен адам ғана нағыз ержүрек. Сандуғаш Бердіға лиқызы – нағыз батыр. Тау мен тастың, құз, жартастардың арасында қару асынып әскери киіммен жүру, командирден бұйрық келсе, қаруды атуға дайындалу – оңай іс емес. Сандуғаш Наханова өзінің сарбаздарымен бірге талай рет қауіпті жағдайларды басынан кешті. Бірақ, әскери қызметті жүрегімен қалаған ол қиындықтың барлығын жеңіп, әскери саланың майталман маманына айналды. Жиырма жыл жауынгерлер құрамында болып, қызмет ету – әйел баласы түгілі, ер азаматқа да жеңіл емес. Сандуғаш әскери салада ер азаматтармен иық тірестіріп, тең дәрежеде еңбек етті.

Қазіргі таңда Сандуғаш Бердіғалиқызы құрметті демалысқа шыққанына қарамастан, әлі де әскери салада еңбек етіп жүр. Яғни, Гвардейск гарнизонында әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс тобының жетекшісі. Жауапкершілігі бар адамға бұл жерде де жұмыс көп. Сандуғаш Наханова бір сәтте тынып таппай, үнемі қызған жұмыстың ортасында жүреді. Колледж бен мектептерге барып, студенттер мен оқушыларға әскери өмір, патриоттық сезім туралы білгенімен бөлісіп, сұрақтарына жауап береді. Кейбір мектепке барып, өнер көрсетіп, ән мен терме орындап та береді.

Жақында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Ерлік сағатын» ұйымдастырды. Жиынға әскери құрылымның басшыларын шақыра отырып, өзі де сөз сөйледі. Сол жиында: «Ерлік – нағыз батырдың ісі. Ешкім ерлікті жоспарлап жасамайды. Ол сын сағатта жасалады. Сағадат Нұрмағамбетов – сын сағатта от пен судан тайынбайтын нағыз ержүрек батыр. Ол ерлігін сан рет іспен дәлелдеді. Жас әскери қызметшілер мен сарбаздарға тұңғыш Қорғаныс министрінің жолы үлгі болуы тиіс. Мен осы әскери саланы таңдадым. Ғұмырымның көпшілік бөлігін осы салаға арнадым. Ешқандай өкінбеймін. Еңбегім еленіп, бірнеше рет марапат та алдым. Жүрген ортамның бәрі сыйлайды. Бұл да – Қарулы Күштер сапында еңбек еткенімнің жемісі. Әрбір қазақ азаматын батырлыққа, елдің ұлы болуға, кең байтақ Отанын қорғауға шақырамын. «Отаным десем ойыма шалқыған шалқар көл түсер» деп ақындарымыз жырлағандай, біздің Отанымыз – біреу ғана, ол – жалғыз Қазақстан», – дейді. Сандуғаш Наханова айтса айтқандай, біздің Отанымыз жалғыз. Әр азамат Отан қорғауға ат салысуы тиіс.

Сандуғаш Наханова әскери қарбалас қызметтің арасынан отбасына да уақыт табады. Перзенттеріне де үнемі көңіл бөледі. Ұл-қыздары да өзі секілді еңбеккеш, білімді. Қызы Арайлым – аудармашы. Төрт тілде еркін сөйлей алады. Оның ішінде ағылшын, қытай, орыс тілдері бар. Төрт тіл білетін қыздың болашағы әрине жарқын. Баласы Рамазан Алматы қаласындағы стамотологиялық колледждің студенті. Бар өмірін әскерге арнаған Сандуғаш енді өз өміріне көңіл бөлуде. Ал, қызы мен ұлы оны жақсы жетістіктерімен қуантып отыр. Сондай қуанышқа, абыройлы ана болып төрде отырып, құрмет көруге Сандуғаш әбден лайық. Себебі, ол Отанын жанымен, бар ықыласымен сүйіп, көк туымыздың биіктеуі үшін, Қарулы Күштеріміздің мәртебесі жоғары болуы үшін уақытпен санаспай, тәртіпке бағынып қызмет еткен адам.

Түйін:

Біз бүгін әскери саланың мәселелерін қозғап, Қарулы Күштерде қызмет етіп жүрген азаматтар туралы қысқаша тоқталдық. Бұл гарнизондағы сарбаздар бәсекеге қабілетті. Біз оны жауынгерлердің түрлі халықаралық, республикалық әскери жарыстарда жүлдемен оралып жүргенінен анық байқаймыз. Ал, патриот жастары бар – Қарулы Күшіміз қашанда қуатты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы