Әлеумет

Еріктілердің еңбегі ерен

Ел ішінде қандай да бір келеңсіз ахуал орын ала қалса бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұйымшылдық қазақ халқына ежелден тән қасиеттің бірі. Осындай аталы істің ізін бүгінгі еріктілер, яғни волонтерлер жалғап жүргенін жиі байқаймыз. Бұл тұрғыда өңірде атқарылып жатқан іс аз емес.

Волонтерлік қызметті дамыту мақсатында облыста 2024 жылдың басынан бастап кешенді жұмыстар жүргізілуде. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық «Жастар ресурстық орталықтарының» жанынан 11 волонтерлік топтар құрылған. Облыс орталығында волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамытатын және волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін фронт-офис жастар игілігі үшін қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылдың желтоқсанында Халықаралық волонтерлер күніне орай сол кездегі облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы» ҚҚ-ның бірлесе ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Әлемді бірге өзгерт!» атты облыстық форум өтіп, аталған іс-шара алдағы волонтерлік қозғалыстарға бастама болғандай.

Өңірде ерікті жастардың атқарып жатқан игі істерінде есеп жоқ. Мәселен, «Жастар ресурстық орталықтары» жанынан ашылған волонтерлік бастамашыл топтардың ұйымдастыруымен жыл бойы «Өмір сыйла!» атты донорлық акциясы өтіп келеді. Сонымен қатар, Халықаралық волонтерлер күніне орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің жанынан құрылған «Руханият» волонтерлер қозғалысы мүшелерінің қатысуымен қан тапсыру акциясы өтті. Сонымен қатар, облыстағы ең белсенді волонтерлер өздерінің қайраткерлік рухтарының арқасында марапат төрінен көрінуде. Астана қаласында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 4-ші рет ұйымдастырылған болатын. Аталған шараға БҰҰ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен келген делегаттар қатысқан еді. Осы айшықты іс-шарада Жамбыл облысының волонтерлері Азамат Намелбек «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациясы бойынша, Ерхан Мелдебек «Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңімпаз атанды. Волонтерлерді тарту және ынталандыру мақсатында волонтерлік қызметтің әртүрлі кезеңдерінде жетістікке жеткен жастарға «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясы тағайындалып, «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігі 200 мың теңгелік жастар сыйақысына ие болды. Сонымен қатар, қоғамдық өмірде белсенді болған және волонтерлік іс-шараларға белсенді араласқан жастарға Алғыс хаттар табысталды.

Аталған марапаттау рәсімінің ізін ала бере өңірде де волонтерлер күні ерекше салтанатпен ұйымдастырылған еді. Волонтерлердің кәсіби мерекесін атап өту үшін 27 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары әзірленіп, ондағы шаралар сәтті жүзеге асырылған. Ал, 12 желтоқсанда облыстың бірнеше аймағында қалың қар жауып, ауа райының қолайсыздығынан бірнеше жолаушылар қалың қар құрсауында қалды. Дәл осы тұста Жуалы мен Қордай аудандарының волонтерлері қар құрсауында қалған азаматтарды құтқаруға бағытталған жұмыстарға жұмылдырылып, көмек көрсетті. Бұл да еріктілердің қайсарлығы мен қайраткерлігін айқындаған оқиғаның бірі болды. Мұнымен қоса Шу қалалық жастар ресурстық орталығы, Шу жүк тасымалдау бөлімшесі және Шу станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп Шу өңірінің аумағындағы ауа райының қолайсыздығынан туындаған теміржолдағы пойыздардың ұзақ уақыт тоқтап қалуына байланысты да қайырымдылық акциясын өткізген еді. Жолда 8-12 сағат қалған жолаушыларға ыстық тамақ, су сияқты қажеттіліктерді ұсынды. Сондай-ақ, өңірдегі волонтерлердің қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда 30-ға жуық қарттың үйінде қар тазалау акциялары өтті. Бұл өңір волонтерлерінің былтырғы жылы атқарған жемісті жұмыстары. Ал, жыл басынан бері облысымызда осы сипаттағы шаралар дәстүрлі түрде жалғасын тауып, еріктілердің қамқорлығы мен көмегіне ие болған жандардың қатары артты. Қордай, Шу ауданы «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлерінің қатысуымен әлеуметтік осал топтағы қариялардың үйінің аулалары қалың қардан тазартылды. Сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жылулық жастардан» акциясы ұйымдастырылып, волонтерлер қытымыр қыстың аязында еңбек етіп жүрген коммуналдық қызметкерлерге қар тазалауға көмектесіп, ыстық шай таратты. Дәл осындай мейірім науқанын қалалық «Жастар ресурстық орталығы» волонтерлері де ұйымдастырып, шаһар орталығы қардан тазартылды. Ал, қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Мойынқұм ауданында да «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ізгілік аптасы» волонтерлік жобасы аясында коммуналдық қызметкерлерге қар тазалау жұмыстарында көмек көрсетілді.

Ерікті жастар тек ізгілік пен қайырымдылықта ғана емес, өзара да ынтымақтарын нығайтып, зияткерлікке талпынуда үнемі бірге. Бұл ретте жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында волонтерлік ұйымдар арасында «Kahoot» интеллектуалды ойыны өткізілген. Сондай-ақ, Тараз гуманитарлық техникалық колледжінде волонтерлік бағытты дамыту мақсатында «Сен де қосыл!» атты насихаттау жұмыстары жүргізілген. Мұнымен қоса өңірде экологиялық мәдениетті арттыру және туған өлке табиғатына ұқыпты қараудың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған «Bottle Collecting» акциясы өткен. Тағы бір ерекше атап өтетін іс-шара, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында волонтерлер Гродеково ауылындағы жалғызбасты қарттың үйіне барып, шаруашылық жұмыстарына көмек көрсеткен.

Облыстағы ерікті жастар өз жұмыс бағыттары бойынша қайырымдылық шараларын ұйымдастырып қана қоймай, қоғамның түрлі тармақтары бойынша да сан түрлі бағытта қызмет атқарады. Бұл ретте өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамыту және жастар арасында кеңінен таралу мақсатында облыстық волонтерлік фронт-офис пен Әділет департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын ерекше атап өту керек. Аталған меморандумның мақсаты – салалық волонтерлікті дамыту, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын кеңейту. Құжат аясында белсенді жас волонтерлер және Әділет департаментінің мамандарының қатысуымен тұрақты түрде жоспарға сәйкес заң саласында кеңес беру алаңдары ұйымдастырылады. Кеңес беру алаңында заң саласының өкілдері жастардың көкейлерінде жүрген адвокаттық көмек, жеке сот орындаушысы, нотариус, жалпы құқықтық қызмет көрсету бойынша сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар, волонтерліктің тағы бір бағыты Birgemiz: Qamqor бағытында жыл басынан бері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бастау алған болатын. Өңіріміздегі волонтерлер бірқатар қарттардың үйлеріндегі шаруашылық жұмыстарына тұрақты түрде көмектерін көрсетуде.

Еріктілердің еңбегінің жемісін ел іші биыл орын алған төтенше жағдай кезінде ерекше сезінді. Облыстан батыс өңірлеріне волонтерлер көмегімен жинақталған гуманитарлық көмек тоқтаусыз ағылып жатты. Алыстағы ағайын қарғын судың залалын көріп жатқанда, жамбылдық жастар ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.