Экономика

Жобаның жақсылығын көрген жандар көп

«Бизнес Бастау» жобасы ауылдағы жұмыссыз тұрғындарға кәсіп бастауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, отбасылық қаржысын да, ел бюджетін де арттыруға үлес қоса бастады. Жамбыл аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұловтың мәліметінше, ауылдық аймақта жаңа кәсіп түрлері көптеп ашылуда. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар, тіпті кәсіпкерлердің өзі тек төрт-түлік мал алып, мал шаруашылығын дамыту, етті-сүтті мүйізді ірі қараны асырау, етті малдарды соғым ғып сойып, асыл тұқымды мүйізді ірі қараның басын көбейту кәсібімен айналысуға ниетті болса, қазір «Бизнес Бастау» жобасы арқылы шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары сынды нысандар ашылуда.

Күнделікті халық өміріне қажет тың кәсіптің бір түрі – жастықтарды қайта өңдеу және тазалау орталығы. Аса ауылының тұрғыны Камила Мадымарова бірқатар кәсіпті, түрлі салаларды зерттеп-зерделей келе, осы бағытта, яғни тұрмыстық сұранысқа ие осы кәсіп түрін ашуға тәуекел еткен. Ол аймақта әлі қолданыста жоқ тың саланы меңгеріп, қайтарымсыз грант алған. Қажетті техниканы, құрал-саймандарды Ресей елінен сатып алып, күнделікті жұмыс көзін өз ауласынан-ақ бастап кеткен.

Аудан орталығында жаңа бизнестің ашылғанына үш айға жуықтаған. Әзірге, күніне екі-үш жастықтан тапсырыс түсуде. Бірақ, жас кәсіпкер өз жұмысын тоқтатпақ емес. Қайта үздіксіз жарнамалай отырып, бизнесін сан қырынан дамытпақ ниетте. Ол алдағы уақытта төсек жабдықтарының барлығын қамтып, үлкен кәсіпорын құруды көздеп отыр.

Тағы бір ауыл азаматы Нұркен Ниетбаев «Бизнес бастау» жобасы нәтижесінде жеңіл көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін, техникалық қолдау көрсететін орталық ашқан. Бүгінгі таңда темір тұлпарлар қалада ғана емес, ауылдарда да өте көп. Алайда, көлікті тізгіндеу бар да, ал оны жөндеу, күнделікті күтіп қарау екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету де өшпейтін бизнес түрі саналады. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі алты айда өз жемісін беріп, ауласынан-ақ айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты алып, жұмыс беріп, еңбекке баулуда. Көлікті жөндеу жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтарын, аппараттарын толық алған кәсіпкер бағдарламаның кәсіп бастаушыларға таптырмас мүмкіндік екендігіне тоқталды.

Расында ауылдардағы, әсіресе, шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған грант қаражаты көп септігін тигізуде. Қолдау қаражаты туралы естіген, қолынан іс келетін тұрғындар үш айлық курстарды оқып, түрлі мамандықтарға машықтануда. Әсіресе, дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр. Жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова да бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жанның бірі. Ол жобаның игілігін көріп, тез дайындалатын тағамдар мен тәтті торттар дайындайтын «Құндызай тәттілері» наубайханасын ашқан.

Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өткен жылы ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 113 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант берілген. Оның ішінде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы, жылыжай ісінен бөлек шұжық шығару, тігін, құрт жасау, пластик есік, терезе шығару цехтары, зергерлік шеберханасы, кір сабын өндірісі, мақта-жүн түту, пескаблок өндірісі, химиялық тазалау қызметі секілді тың кәсіп түрлері бар. Бір қуантарлығы – бүгінгі күнге қаражат қайтарған азаматтардың жоқтығы. Кәсіп бастаушылардың бәрі тоқсан сайынғы есептерін уақтылы өткізіп тұратын көрінеді. Бұл бағытта биылғы жоспар аясында 110 азамат қамтылмақ. Мемлекеттік грантқа қатысушылар өз жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылды. Ал, қалғаны сұрыптаудан өтіп, жыл аяғына дейін табысталмақ. Мамандардың айтуынша, биыл жоба аясында жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде.

80 мыңнан астам тұрғыны бар Жамбыл ауданында жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1049 жас жұмысқа орналасқан. Оның 32-сі осы «Бизнес Бастау» арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алған. Сонымен қатар, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Осыған қарап-ақ елімізде масылдықтан арылуға бастайтын бастамалардың көп екендігін аңғаруға болады. Тек кәсіпте кежегесі кейін тартпай, келешекке ұмтылатын жандар қатары көп болса болғаны.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Жамбыл ауданы