Саясат

Ел мұраты – өркендеу

Ел Президентінің биыл 2 – қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді түсіндіруге байланысты облыстық штаб мүшелері әр ауданда, мекемелерде кездесулер өткізуде. Осындай басқосудың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өтті.

Жиында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай елімізде атом стансасын салу уақыт талабы екенін айта келіп, қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті. Мәселен, көптеген тұрғындарды атом салдарынан Балқаш көлінің тартылып кетуі немесе ластану мәселесі алаңдатып отыр екен. Бірақ, Кенжебек Мамашбайұлы: «Бұл жерде жағдайды кеңірек түсінген дұрыс. Аталған жағдайдың Балқаш көліне әсері болмайды. Атом стансасына арналып су айдыны әзірленіп, залалды заттарды тазалап отыратын арнайы орындар да қамтылады. Халыққа зардабы келмейтіндей жолдары қарастырылып, қауіпсіздік жағы басты назарда болады», – деді.

Мұнан соң сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Сейітжан Орынбаев жаңа Жолдаудың елді дамуға бастайтын нақты құжат екенін айта келіп, Президенттің ұтымды шешімдеріне тоқталды. Ол: «Мемлекет басшысының Жолдауында: «Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді» деді. Білім жүйесін дамытудың да нақты жолдары айтылды. Сондықтан, мемлекеттің мүддесі – тұрғындардың жағдайын жақсарту. Демек, халық өзінің құқығын пайдаланып, референдумға баруы қажет. Сіздерді елдің дамуына үлес қосуға шақырамын», – деді. Штаб мүшелері тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап берді.

 

Тараз қаласы