Бүгінгі күннің сұранысынан туған бастама
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың мүшерелі жамбылдық жұртшылықпен бірқатар кездесулер өткізді. Ең әуелі «Арайстроймаркет-2003» серіктестігінің ұжымымен жүздескен штаб өкілдері жалпыұлттық референдум қарсаңында осынау маңызды қадамға барудың өзектілігі жөнінде тұрғындармен ашық әңгімелесу үшін өңірге арнайы келгендерін атап өтті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов бүгінде еліміздің оңтүстік аймақтарында электр энергиясының тапшылығы айрықша сезіле бастағанын жеткізді. Ол өз сөзінде кез келген маңызды шешім қарапайым халықтың қатысуымен қабылданатынын айтты. Сондай-ақ, халық қалаулысы ғылым мен экономиканы дамыту үшін АЭС-тің қажеттігін түсіндірді.
Бұдан кейін, Байзақ ауданындағы «KazStonebox» кәсіпорнында өткен кездесуде облыстық Халықтық штабтың мүшелері: Арман Еділбаев, Фарида Жүнісова, Жалил Аббосов, Ерұлан Мағзымбеков және Серік Қойбақов пен Айгерім Сәрсенбаева ұжым қызметкерлерімен бірге АЭС салу мәселесін талқылады. Штаб мүшелері іс-шара барысында атом электр станциясының құрылысы мен атом энергетикасының бүтін елдің болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін тілге тиек етіп, серіктестік қызметкерлерін бұл мәселеде белсенділік танытуға шақырды. Айта кетейік, осы күні дәл осындай кездесулер «Grand foods premium» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі мен «Әулие-Ата Феникс» серіктестігінде де өтті. Онда Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту және экономикасын орнықты дамыту үшін АЭС салудың қажеттілігі кеңінен сөз болды.
Ал, Бурыл ауылының тұрғындарымен кездескенде Халықтық штаб мүшелері ең алдымен қоғам пікірі ескерілетінін баса айтты. Олар АЭС салу идеясы – тосыннан қабылданған шешім емес екенін, керісінше, бұл қадамға мың ойланып, жүз толғанып барып бекінгендерін ашық жеткізді. Осы себепті, бүгінгі күннің сұранысынан туған бастамаға қатысты ел-жұрттың қалыс қалмауын сұрады.
Нұрболат АМАНБЕК