Жүзу спортының жүйрігі құрмет құшағында
Париж төрінде өткен ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарында жерлесіміз Нұрдәулет Жұмағали жүзу спорты бойынша күміс жүлдегер атанған болатын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жерлестерінің үмітін ақтап, абыройын асқақтатқан жампозды туған жер төрінде салтанатпен қарсы адып, құрмет көрсетті.
Әуелі облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған жамбылдық жұртшылық төрт жылдық бәсекесінің күміс жүлдегерін «Әулиеата» әуежайынан зор құрметпен күтіп алды. Осы сәт әуежайды кернеп, патриоттық әуен шырқалып тұрды.
Мұнда жиналған жұрттың қарасы қалың. Барлығының жүзінде қуаныш. Тіпті, жасөспірім балалардың бірі: «Күміс жүлдегердің қолын алсақ» деп ағынан жарылды. Жиналған көпшіліктің алдында КСРО-ның спорт шебері, спорт ардагері Жаныс Әшімов ақсақал бата берсе, республикаға танымал айтыскерлер Нұрлыбек Құрманов пен Медеу Мырзатай арнау жырдың тиегін ағытты. Нұрлыбек: «Нұрдәулетке баршамыз ризамыз, мойны бардың барлығын мойындатқан» деген жыр жолдарына ел ризашылық білдірсе, Медеу Мырзатай:
Осы күнде қола мен күмісің бар,
Тер төге бер дәл осы қарқынменен.
Бұйырса төрт жылдан соң әуежайдан,
Сені күтіп алайық алтынменен, – деп жыр төкті. Ләйім, қабыл болғай!
Сосын күміс жүлдегер бастаған машиналар тізбегі «Әулиеата» әуежайынан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне дейін жүріп өтті. Жолда Нұрдәулет Жұмағалидың құрметіне ілінген бильбордтар көзге түседі.
«Тараз-Арена» спорт кешенінде ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарының жүлдегеріне арналған іс-шара өтті. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз алып, ел мақтанышына айналған ұлды құттықтады. Облыс басшысы: «Бүгінгі күн ерекше. Біз ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиды қарсы алдық. Нұрдәулет Мақсымұлын айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Әлемнің назары ауған үлкен додада ел үмітін, жерлестеріңнің сенімін ақтадың, Нұрдәулет. Паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атандың. Бұйырса 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарында алтын медаль алуыңды тілеймін. Сенім артамын. Біз саған сенеміз, жеңісіңе өте қуаныштымыз», – деді. Облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалиға «Тайота-75» автокөлігінің және екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Ал, жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа да жол талғамайтын темір тұлпар сыйға тартты.
Мұнан соң ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали сөйлеп: «Баршаңызға алғысымыз шексіз. Жерлестерімізді осылай қуантқаныма өзім де шексіз қуаныштымен. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлына көп рахмет. Мұнымен шектелмей, алдағы уақытта да сенімдеріңізді ақтауға күш саламыз», – деді. Ал жүлдегердің жеке жаттықтырушысы Саттар Ерғалиұлы: «Киелі Әулиеата өңірі небір талантты спортшылардың, ел абыройын алты құрлыққа асқақтатқан жампоздар мен саңлақтардың кіндігі байланған алтын қазық. Осы игі үрдістің үзілмей келе жатқаны шынымен қуантады. Әрбір жеңістің артында халықтың таудай сенімі мен мол еңбектің жатқаны белгілі. Ал жеңіс – сол сенім мен еңбектің ақталғаны» деді. Сондай-ақ ол жеңістің үлкен ізденіспен келгенін жеткізіп, жерлестерге облыс әкіміне, дене шынықтыру және спорт басқармасына, қарсы алған барша көпшілікке алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ