Әлеумет

Құндылық тұнған Құлансай

Құт дарып, қасиет жайлаған қазақ даласының қай қиыры да құндылықтарға бай. Ежелгі заманнан естелік болып қалған жәдігерлердің де адамзат тарихында маңызы айрықша. Әр төбенің бауырына жасырынып, жазық даланың кеудесіне орнаған құндылықтарды тану – елдіктің белгісі. Жалпы, әр өңірдің өзінің тарихи мекені, көне жұрты болғанымен, сайып келгенде бұл да қазақ халқының тарихына қатысты құндылықтарға ұласады. Ал, олардың бойында уақытында баһадүр бабалардың жүріп өткен ерлік жолы, ұстанған салты мен ғұрпы тұнып тұр.

Бүгінгі таңда қазақ даласындағы құнды жәдігерлерді әлем танып, мойындап үлгерді. Десе де, әлі күнге дейін жалпақ жұрт үшін жұмбаққа толы тарихи нысандар аз емес. Солардың бірі – Әулиеата жеріндегі Құлансай қалашығы. Ортағасырлық Құлансай қалашығы қазіргі Жуалы ауданының территориясында орналасқан. Дәлірек айтқанда, Шақпақ ата ауылының солтүстік батысынан 10, Бірлік ауылының шығысынан 1,5 шақырым жерде жатыр. Бұл қалашық Жамбыл облысының энциклопедиясында ортағасырлық «Қырықкүрзі» қалашығы деп көрсетіліп, мұнда алғаш рет Жамбыл археологиялық пунктінің жетекшісі, белорусь азаматы Героним Пацевич зерттеу жүргізген.

1940 жылы Героним Пацевич бастаған Жамбыл археологиялық институтының экспедициясы Шақпақ ата ауылының шығысындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері саналатын бас-аяғы 14 обаға және Ынтымақ ауылының шығысында орналасқан Барсықырық қамалының сол жағалауы мен Шақпақ өзенінің жағасындағы VIII-XI ғасырға тиесілі тарихи орындарды зерттеген. Жүргізілген зерттеулер мен археологиялық жұмыстардың нәтижесінде Героним Пацевич 1954 жылы Мәскеу төрінде «Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен қоныстары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Бұдан кейін, ортағасырлық Құлансай қалашығын Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттейді. Бұл – 1974 жыл еді. Ал, арада қырық жылға жуық уақыт өткенде «Археологиялық экспедициясының» өкілдері қалашықты қайта зерттеуді қолға алады. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дәулетжан Байдалиевтің пайымдауынша, Ұлы Жібек жолының бір тармағы дәл осы Құлансай қалашығы арқылы Жуалы ауданының аумағынан өткенге ұқсайды.

Айта кетейік, Құлансай қалашығының жобасы 130х142 метр болатын төрт бұрышты екі алаңнан тұрады. Жоғарғы алаң 2-3 метрдей биік әрі оның төрт бұрышында мұнаралар орналасқан. Сондай-ақ, қалашықтың бұрыштары төрт тарапқа бағытталған. Аумақтық периметр бойынша 10-12-ге жуық тұрғын алаңдардың орны байқалады. Топырақтан үйілген үйінді қорғанның биіктігі – 3-3,5 метр. Ал, қамалдың биіктігі 5-6 метрді құрайды. Мұнда қабырғалар қамалдың негізгі бөлмесі арқылы бөлінген. Бұдан бөлек, бірнеше бөлмелер мен өлшемі 15-20 метрді құрайтын аула бар. Қабырғалардың іргетасы негізінен ірі тастар мен ұсақ қиыршықтардан тұрады. Зерттеулердің нәтижесінде қалашықтың Х-ХІІ ғасырларға тиесілі екендігі жөнінде тұжырым жасалған.

 

Есен ӨТЕУЛІ