Кең далаға кие болған Барысхан
Өңір тарихында өзіндік ерекшелігімен танылған аймақтың бірі – Барысхан қалашығы. Тарихи мекен қазіргі Байзақ ауданының Талас ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. VII-XII ғасырларға жататын қала жайлы тарихшы Ибн Хордарбек пен Кудама сауда жолы бойындағы қалалар жайлы жаза отырып, Тараздың маңында Төменгі Барысхан, ал Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында Жоғарғы Барысхан орналасқандығы жайлы мәлімет қалдырған.
Ибн Хордарбектің дерегінше, Жоғарғы Барысхан да Жібек жолының бойында болған. Ол Аспарадан 34 фарсах жерде, яғни, шамамен 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен бірге дереккөздерде Жоғарғы Барысхан қаласы бар тұтас бір аймақ екені айтылады. Ал, қаланың сипаттамасы жайында Барысхан – көл жағасындағы үлкен қала екендігі, оның дихандары қарлұқтар болғандығы жазылған. Автор бұл қаланың атақты адамдарының бірі ретінде «Түркі тілдерінің сөздігінің» авторы Махмұд Қашғаридың атын айтады: «Оның өзі емес, әкесі Барысханда туған. Жоғарғы Барысхан – қарлұқтар мен ұйғырлар өмір сүрген Қашғарға жақын Ыстықкөлдің жағасындағы қала». ХІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Гардизидің еңбегіндегі дерек бойынша, Жоғарғы Барысхан қарлұқтардың Жікіл тайпасының орталығы болған.
Ал, Төменгі Барысхан турасында ортағасырлық тарихшы Макдиси Тараздан «шығысқа қарай екі адам даусы» жететіндей жерде дейді. Ал, Кудама ибн Джафар «Барысхан Тараздан 3 фарсах жерде орналасқан» дейді. Мамандар пікірінше, Төменгі Барысхан Төрткүл қалашығымен сәйкестендіріледі. Қалашық цитадель және шахристанмен ерекшеленеді.
Зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалашықтың ішкі қамалында бөлмелер тобы табылған. Бұдан өзге Шахристанда жасалған қазбалар ошақтары мен тандырлары бар бірнеше үй-жай, қора-қопсы құрылыстары анықталған. VIII-XI ғасырларға жататын бұл жәдігерлер жиыны облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.
Төменгі Барысхан қалашығы жайлы ел ауызында ертеден келе жатқан аңыз сақталған. Аңызға сүйенсек, мыңдаған жылдар бұрын Қаратау етегін еңбекқор, ержүрек жұрт жайлаған. Олар жолдарында кездескен бар қиындықты жеңе біліп, кәсіппен айналысып, үйлер салған. Ол кездің адамдары өте ырымшыл болып, кез келген апат пен табиғаттың жай-күйін Құдайдың ашуы деп қабылдапты. Десе де халықтың бәрінен кие тұтатыны тау барысы болыпты. Жергілікті халық бұл киені құрметпен Барысхан атапты. Сондықтан әр жыл сайын құдайы тамақ беруді парыз санапты. Қаратаудың төменгі етегі де осы барыстың құрметіне Барысхан аталыпты-мыс.
Бүгінгі таңда қаланың атауы Барысхан болғанымен, «Төрткүл» атауымен де баламаланады. Тарихи мекенде қазба жұмыстары жүргізілгенімен, толықтай ашылып зерттелмеген. Сондай-ақ, Қырғыз жеріндегі Жоғарғы Барысхан қалашығы жайлы да деректер өте аз. Осыған қарап-ақ, ортағасырлық қалаларға заманауи ғылыми зерттеудің қажеттігін бағамдауға болады.
Нұрболат АМАНБЕК