Әлеумет

Жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары қазанда аяқталады

Тараз қаласында М-1 орталық жылу магистраліндегі қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Арман Бектебаевтың айтуынша, Тараз қаласында инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы бойынша қолға алынған М-1 жылу магистралін қайта құру құрылыс жұмыстары қаланың орталық көшесі – Төле би бойында жүргізілуде.

Ол бес бөліктен тұрады. Жалпы құрылыс алаңында 103 жұмысшы, 34 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Тараз энерго орталық» акционерлік қоғамынан «Көне Тараз» тарихи кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал екінші бағыты «Көне Тараз» тарихи кешенінен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Тараз энерго орталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 6,1 километрді құрайды. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңге. Нысанның құрылысын Шымкенттік «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Табиғи монополиялық реттеу департаменті бастығының орынбасары Қалдыбай Мүсілімнің айтуынша, жылу құбырларының пайдалану мерзімі 25 жылды құрауы тиіс екен. Ал 1990 жылы пайдалануға берілген М-1 орталық жылу магистральді құбыры өзінің пайдалану мерзімінен 9 жыл асып кеткен. Яғни, 34 жыл пайдалануда болған орталық магистральдің соңғы 5 жылда бірнеше жерінен ақау шығып, құбыр жарылуы орын алған. Бірақ, жауапты жылу мекемелері мамандарының шұғыл іс-әрекеттерінің арқасында ол ақаулар уақтылы жөнделген. Ал жылу құбырының жарамдылығын тексеруден өткізген тәуелсіз сарапшылар өз қорытындыларында шаһардағы М-1 орталық жылу құбырларының тозуы 80 пайызды құрағандығын көрсеткен. Өткен жылы аталған магистральді қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен 9,6 миллиард, ал облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы сұралған екен.

Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша жылу желілерінің тозу көрсеткіші 67,7 пайызды құрап отыр. Осы орталық жылу магистралі қайта жаңғыртудан өткізілген соң жылу желілерінің тозу көрсеткіші 5 пайызға төмендемек.

Ал, «Тараз энерго орталық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас инженері Ғани Әлімбаев бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстарының қарқын ала бастағанын айта келе, монтаждау жұмыстарының 80 пайызға аяқталғанын жеткізді. Оның айтуынша, қаладағы М-1 орталық жылу желісі арқылы 131 көппәтерлі тұрғын үй, 8 мектеп, 6 балабақша, 88 әлеуметтік және басқа да өндірістік объектілер жылу алады. Олардың жылыту алаңы 430,4 мың шаршы метрді құрайды. «М-1орталық жылу магистралін қайта жаңғырту жобасын іске асыру жылу шығынын нормативтік мәндерге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, жеткізілетін жылу энергиясының сапасын жақсартады және тұтынушыларды тиімді жұмыс істеумен және үздіксіз жылумен қамтамасыз етеді, кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыруға ықпал етеді. 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 орталық жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемсараптаманың оң қорытындысы алынды. Жылу желісінің жалпы ұзындығы – 6138 метр. Жобаның жалпы құны 10,756 миллиард теңге, ал құрылыс жүргізу мерзімі 9,5 айды құрайды. Жобаның тапсырушысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ал бас мердігер «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалаушы «АДС САПА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИ Энергопром» акционерлік қоғамы болып табылады», – дейді Ғани Әлімбаев.

Барлық учаскеде жоспарлы жұмыс кестеге сай атқарылуда. «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісінің орынбасары Дәулет Тұрсынханов Төле би көшесі бойындағы бүгінгі күнге дейін жүргізілген құрылыс жұмысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, ең алдымен құрылысшылар пайдалану мерзімі өткен М-1 орталық жылу магистралындағы жылу құбырларын алу үшін жолдың асфальт жабынын бұзып, ені 3,20 метрлік ор қазған. Қазылған ордың тереңдігі – 4,20 метр. Ол арадан шығарылған темір құбырлар арнайы құрылыс базасындағы қоймаға жинақталған. Оның орнына жаңа құбыр желісін салу үшін алдымен ордың табанын тегістеп, арнайы бетон науалар орнатылған. Содан кейін өз елімізде дайындалған, сырты арнайы жылу өткізбейтін жабынмен қапталған, 600 диаметрлік темір құбырлар науа ішіне орнатылып, темір сымдармен жан жағынан құрсауланған.

Мұндағы учаске прорабы Теңел Жақсымұраттың айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс қызған. «Біздің учаскеде құрылыс қауіпсіздігі толық сақталған. Жұмысшылар арнайы киіммен, құрал жабдықтармен, ыстық тамақпен де, жатын орынмен де қамтылған. Монолитшілер жылу камерасын демонтаждау жұмыстарын аяқтап, негізгі жұмысқа кірісіп кетті. Құрылыс алаңында жұмысқа қажетті барлық материал жеткізілген. Жұмысты кестеден кешіктірмей өткіземіз деген ойдамыз», – дейді Теңел Жақсымұрат.

Оның учаскесінде ағайынды Ерлан, Самат, Еламан мен Қайрат Жолдасовтар жұмыс істейді екен. Барлығы да Жуалы ауданынан күнделікті қатынап жүр. «Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Бетон құюмен біраз жылдан бері айналысып келеміз. Бұған дейін де Тараз қаласында құбыр тарту жұмыстарына қатысқанбыз. Жалақымыз істеген жұмысымызға қарай төленеді. Өзіміз арматура тоқимыз, бетон құямыз, басқа да жұмыстарды істейміз. Ыстық тамақпен қамтуы да жұмысымызды жеңілдетіп отыр», – дейді Ерлан Жолдасов.

Құрылыс жұмыстарының барысын техникалық және авторлық қадағалаушылар да күнделікті бақылап, қарбалас тіршіліктің сапалы аяқталуын назарда ұстап отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы